Қазақ футболын кландар бөліп алған - Ермұхамед Мәулен

Бас редактор

Басты мәселе қазақ футболындағы ықпалды топтардың бір-бірімен ортақ мақсат жолында жұмыс істей алмауында деді спорт журналисі. 

Спорт журналисі Ермұхамед Мәулен Қазақстан футболы айналасындағы жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, мәселе тек ҚФФ президентінің ауысуында емес, жалпы қазақ футболындағы ішкі алауыздықта жатыр. Бұл туралы ол Matchday подкастында айтты. 

Мәулен соңғы уақытта ҚФФ президенті Марат Омаровтың қызметіне байланысты сұрақтар жиілегенін атап өтті. Журналистің сөзінше, федерация басшысы ертең ауысқан күннің өзінде, қазақ футболындағы жүйелі проблемалар бірден шешілмейді.

"Қазақстан футбол федерациясының президенті ертең азанда ауысса да, орнына кім болса да, Қазақстанда ұлттық құрама керемет әлем чемпионатына шығады, Еуроға шығады деген нәрсеге мен сенбеймін", — деді Мәулен.

Ол басты мәселе қазақ футболындағы ықпалды топтардың бір-бірімен ортақ мақсат жолында жұмыс істей алмауында екенін айтты. Мәуленнің пікірінше, ел футболында әр өңір мен әр клубтың өз мүддесі бар, ал олар біріге алмаса, ұлттық құраманың да, ішкі футболдың да дамуы қиын.

"Біріншіден, біздің қазақ футболы жік-жікке бөлініп кеткен, клан-кланнан тұрады. Солар бірікпей, жұдырық болмай, бес саусақ бірікпесе, Қазақстан ұлттық құрамасы да жетістікке жетпейді, Қазақстанда футбол да дамымайды", — деді ол.

Журналист ҚФФ-ны басқаруға ықпалы бар, футболдағы топтарды бір үстелге жинай алатын тұлға қажет екенін жеткізді. Оның сөзінше, мұндай адам қазақ футболындағы тартысты тоқтатып, ортақ мақсатқа жұмылдыруы керек.