ФИФА президенті Өзбекстан құрамасына алғыс айтты

Спорт шолушысы

Халықаралық футбол федерациясының президенті Джанни Инфантино әлем чемпионатында алғаш рет өнер көрсеткен Өзбекстан ұлттық құрамасына алғыс білдіріп, команданың тарихи жетістігіне жоғары баға берді.

ФИФА президенті Өзбекстан құрамасына алғыс айтты
instagram/uzbekistanfa

ФИФА басшысы Instagram желісіндегі парақшасында Өзбекстан футболшыларына арнайы жазба арнады.

“Сіздер бүкіл әлемге және өз елдеріңізге орындалмайтын арман жоқ екенін көрсеттіңіздер. Әлем чемпионатындағы алғашқы голдарыңызды өз көзіммен көріп, сол сәтте жанкүйерлердің қандай ерекше эмоцияға бөленгенін сезіндім. Бұл тәжірибе Өзбекстан футболының дамуына үлкен үлес қосатынына күмәнім жоқ. Алдағы уақытта сәттілік тілеймін!” – деп жазды Инфантино.

Өзбекстан тарихи дебют жасады

2026 жылғы әлем чемпионаты Өзбекстан құрамасы үшін тарихи турнир болды. Команда өз тарихында алғаш рет мундиальға жолдама алып, әлемдік додада дебют жасады. Фабио Каннаваро жаттықтыратын ұжым К тобында Колумбияға (1:3), Португалияға (0:5) және Конго ДР құрамасына (1:3) есе жіберіп, топтық кезеңді төртінші орынмен аяқтады.

Тарихи голдармен есте қалды

Әлем чемпионаттарындағы Өзбекстан құрамасының алғашқы голын вингер Аббосбек Файзуллаев соқты. Кейін капитан Элдор Шомуродовтың Конго ДР қақпасына енгізген добы топтық кезеңдегі ең үздік гол деп танылды.