УЕФА ФИФА-ға қарсы шықты: Қазақстан да бойкотқа қосыла ма?
Еуропалық футбол қауымдастықтары ФИФА-ның әлем чемпионатына қатысты жоспарын қабылдамайтынын мәлімдеп, өзге де турнирлерге инвесторларды тарту жоспарына қарсы бірыңғай мәлімдеме жасады.
ФИФА-ның халықаралық турнирлердің үлесін жеке инвесторларға ұсыну жоспары футбол әлемінде үлкен дау тудырды. Бұл жоспар жүзеге асса, жеке инвесторлар әлем чемпионатының коммерциялық табысынан үлес алатын болады.
УЕФА ресми мәлімдеме жасады
Бастамаға жауап ретінде УЕФА ресми мәлімдеме жариялап, оған мүше барлық 55 ұлттық футбол қауымдастығының, соның ішінде Қазақстан футбол федерациясының атынан ортақ ұстанымын білдірді. Еуропалық футбол ұйымы әлем чемпионатын инвестициялық жобаға айналдыруға үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ егер ФИФА ұсынысын қайтарып алмайтын болса және инвесторлардың турнирлерге қатыспайтынына заңды кепілдік бермесе, Еуропа құрамалары ФИФА ұйымдастыратын жарыстарға қатыспайтыны туралы айтылды.
“Әлем чемпионаты футболға тиесілі. Солай болған және әрдайым солай болады. Инвесторлар турнирдің үлесін алған сәттен бастап, футболдың болашағы қаржылық мүддемен өлшенетін болады. Мұндай модельге әлемдік футболда орны жоқ”, – деп мәлімдеді ұйым.
Қазақстан футбол федерациясы УЕФА құрамындағы ұлттық қауымдастықтардың бірі болғанымен, әзірге бұл мәселеге қатысты жеке мәлімдеме жариялаған жоқ. Дегенмен УЕФА мәлімдемесі барлық 55 мүше қауымдастықтың ортақ ұстанымы ретінде ұсынылды.