"Тобыл" Еуропада ойнаған шабуылшыны қатарына қосты
Қостанайлық клуб Беларусь құрамасының шабуылшысы Виталий Лисаковичпен келісімшарт жасасқанын ресми түрде хабарлады.
Лисакович “Тобыл” ойыншысы атанды
Қостанайлық “Тобыл” шабуыл шебін Беларусь құрамасының футболшысы Виталий Лисаковичпен күшейтті. Клубтың баспасөз қызметі жаңа ойыншымен келісімге қол қойылғанын мәлімдеді.
Виталий Лисакович 1998 жылы 8 ақпанда Минскте дүниеге келген. Ол Солигорскінің “Шахтер” клубының түлегі саналады және кәсіби мансабын да осы командада бастаған.
Беларусь шабуылшысы мансабында бірнеше елдің чемпионатында доп тепті. Ол әр жылдары:
- Беларусьтің “Шахтер” және “Торпедо-БелАЗ”;
- Хорватияның “Рудеш”;
- Загребтың “Динамо” жастар командасы;
- Словенияның “Целе”;
- Ресейдің “Локомотив”, “Рубин” және “Балтика” клубтарында өнер көрсетті.
Лисаковичтің соңғы командасы “Торпедо-БелАЗ” болды. Ол биылғы маусымда сегіз матчқа қатысып, гол мен нәтижелі пас жүйесі бойынша жеті ұпай жинаған.
Мансабындағы көрсеткіштері
Виталий Лисакович клубтық деңгейде барлығы 257 кездесу өткізіп, 64 гол соққан және командаластарына 35 нәтижелі пас берген. Шабуылшы Беларусь құрамасы сапында 28 матчқа қатысып, жеті гол мен төрт нәтижелі пасты өз атына жазды.
Лисакович 2021 жылы Мәскеудің “Локомотивмен” бірге Ресей кубогын жеңіп алды. Сонымен қатар ол “Шахтермен” Беларусь чемпионы, “Целе” клубымен Словения чемпионы, “Рубин” және “Балтикамен” Ресейдің Бірінші лигасының жеңімпазы атанды.
Еске салайық, қостанайлық клуб Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Литваның “Паневежис” командасын екі матч қорытындысы бойынша жеңіп, турнирдің үшінші квалификациялық раундына жолдама алған.