Аңыз футболшы Роналдиньо 46 жасында италиялық клубқа қосылды
Әйгілі бразилиялық Италияның С сериясында өнер көрсететін "Равенна" клубының ойыншысы атанды.
Ресми таныстыру өтті
Клуб мәліметінше, бразилиялық жұлдызбен келісім маусым айында жасалған. Ал 20 тамызда Роналдиньо Италияда жанкүйерлерге ресми түрде таныстырылды.
Ол тек футболшы ретінде емес, "Равенна" клубының инвесторларының бірі ретінде де жобаға қосылған. Роналдиньо жаңа командаға ауысуына байланысты эмоциясын жасырмады.
"Жаңа түстер, бірақ сол баяғы күлкі. Доппен қайта билеп, әдемі жаңа тарих жазуды асыға күтіп жүрмін. Сиқыр басталсын!" — деді бразилиялық футболшы.
Жаңа лигада бір матч өткізуі мүмкін
"Алтын доп" иегері Италияның С сериясына ресми түрде тіркеліп, "Равенна" сапында кем дегенде бір матчқа қатысуы мүмкін. Бірақ маусымның алғашқы турында "Реджанаға" қарсы кездесуде алаңға шықпайды.
Футболшының өзі де ойнау мүмкіндігін жоққа шығармай отыр. Оның басты мақсаттарының бірі — кәсіби мансабындағы 300-голын соғу.
Бразилиялық жұлдыздың соңғы ресми кездесуі 2015 жылы болған. Ол кезде Роналдиньо Бразилияның "Флуминенсе" клубында ойнады. Ал 2018 жылы футболшы мансабын аяқтағанын ресми түрде жариялады.
Роналдиньоның басты жетістіктері
Роналдиньо әлем футболындағы ең танымал ойыншылардың бірі саналады. Оның басты жетістіктерінің қатарында:
- 2002 жылғы әлем чемпионы;
- Чемпиондар лигасының жеңімпазы;
- 2005 жылғы "Алтын доп" иегері;
- "Пари Сен-Жермен", "Барселона" және "Милан" клубтарының бұрынғы ойыншысы.
Әсіресе "Барселонадағы" кезеңінде техникалық шеберлігімен, дриблингімен және ерекше ойын мәнерімен әлем жанкүйерлерінің сүйіктісіне айналған.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.