Дастан Сәтпаев "Бернлидегі" алғашқы сұхбатын берді (ВИДЕО)
"Челсиден" жалға алынған қазақстандық футболшы жаңа командадағы алғашқы күндері, Чемпионшипке бейімделу, бас бапкермен қарым-қатынасы және алдағы мақсаттары туралы айтты.
"Бернлидегі" алғашқы күндер туралы
Дастанның сөзінше, жаңа командада оны футболшылар жылы қабылдаған. Әсіресе жас ойыншылар бір-біріне бейімделу барысында қолдау көрсетіп жүр.
"Жігіттер өте мейірімді, үнемі жағдайымды сұрап, бірдеңе қажет пе деп көмектесуге тырысады. Осында жүргеніме және осы клубтың бір бөлігі болғаныма қуаныштымын", — деді Сәтпаев.
Қазақстандық шабуылшы командадағы өзге жаңа ойыншылармен де жақсы байланыс орнатқанын атап өтті.
"Біз бір-бірімізге көмектесеміз. Егер мен бір нәрсені дұрыс істемесем, жігіттер қай тұста жұмыс істеу керегін айтып отырады".
Сәтпаев" Бернлидың" бас бапкері Ники Хайенмен де жақсы тіл табысқанын жеткізді.
"Бапкер өте жақсы маман. Арамыздағы байланыс та жақсы. Ол менің командаға келгеніме қуанышты екенін айтты. Бапкерден мұндай сөз есту футболшы үшін маңызды. Енді әрі қарай жұмыс істеп, дамуым керек".
Неліктен Чемпионшип?
Дастан Сәтпаев "Челсимен" маусым алдындағы дайындықтан өткеннен кейін "Бернлиге" жалға берілген еді. Футболшы бұл шешімді ағылшын футболына бейімделу үшін маңызды қадам деп санайды.
"Мен үшін бұл жалға ауысу — дұрыс шешім. Чемпионшипте ойнаудың қандай екенін көріп, ағылшын футболына бейімделе аламын. Бұл — мансабымдағы дұрыс қадам. Енді тек көп еңбек етіп, алға жылжуым керек".
Оның пікірінше, Чемпионшиптің басты артықшылықтарының бірі — матчтардың көптігі.
"Чемпионшип пен АПЛ-де ойындардың көп болғаны ұнайды. Футболшы үшін әр үш-төрт күн сайын алаңға шығу өте жақсы. Бұл үнемі бабында болуға және тұрақтылық сақтауға көмектеседі".
Англиядағы тұрмыс туралы
Жас шабуылшы Англияға алғаш рет тұрақты тұру үшін келген. Қазір жаңа өміріне бейімделіп жатыр.
"Отбасым кейде Лондонға келіп тұратын шығар. Оларды күтемін. Қазір пәтер табуым керек. Содан кейін толық жаңа өмірге бейімделемін".
Басты міндет — Премьер-лига
Сәтпаевтың трансфері "Бернли" жанкүйерлері арасында үлкен қызығушылық туғызды. Көптеген фанат қазақстандық футболшыны бұған дейінгі матчтарынан, соның ішінде Чемпиондар лигасындағы өнерінен таниды.
Дастан өз кезегінде клубқа нақты пайдасын тигізгісі келетінін айтты.
"Жанкүйерлердің менің келгеніме қуанып жатқанына ризамын. Енді өзіме де, оларға да осы клубтың Премьер-лигаға шығуына көмектесе алатынымды дәлелдеуім керек. Мен оны жасаймын".
"Толық мүмкіндігімді әлі көрсеткенім жоқ"
Жас футболшы Қазақстан құрамасының тарихындағы ең жас ойыншылардың бірі атанып, Чемпиондар лигасында да ерекше рекордтарға жетті. Дегенмен мұнымен тоқтап қалғысы келмейді.
"Бұл жетістіктер, әрине, жағымды. Бірақ мен әлі толық мүмкіндігімді көрсеткенім жоқ деп ойлаймын. Бұдан да жақсы ойнай аламын. Жұмысты жалғастырсам, жаңа рекордтар орнатуым мүмкін".
Сәтпаев Чемпиондар лигасындағы алғашқы голын 17 жасында соққанын да еске алды.
"Эмоция керемет болды. Бірақ толық қуана алмадым, өйткені сол ойында командам жеңіліп қалды. Соған қарамастан, Чемпиондар лигасындағы ең жас гол авторларының тізімінде үшінші орынға шыққаныма қуандым. Бұл да үлкен жетістік".
"Бернлидегі" дебютті күтеді
"Бернли" алдағы жексенбіде "Вест Бромвичке" қарсы ойнайды. Сәтпаев дәл осы кездесуде жаңа клуб сапындағы алғашқы матчын өткізуі мүмкін.
"Мен бұл сәтті асыға күтіп жүрмін. Меніңше, ең жақсы жаттығу — матчтың өзі. Барлық футболшы апта бойы ойынды күтеді. Бәрі жақсы өтеді деп ойлаймын.
Біз үш ұпай алуға бар күшімізді саламыз. Жанкүйерлердің қолдауы арқасында жеңіске жететінімізге сенімдімін".
Қазақстандағы жанкүйерлерге алғыс
Дастан Сәтпаев Англияға ауысқаннан кейін қазақстандық жанкүйерлерден орасан қолдау көріп жатқанын ерекше атап өтті.
"Осындай үлкен қолдауларыңыз үшін рақмет. Мен "Челсимен" маусым алдындағы дайындықта жүргенде де әр ойында, әр жазбаның астында қолдап отырдыңыздар. Осындай керемет адамдардың барына қуаныштымын. Бұл — менің елім. Қазақстандықтардың да Еуропа футболында жоғары деңгейде ойнай алатынын дәлелдеу үшін бар күшімді саламын".
Дастан Сәтпаевтың ендігі басты мақсаты — "Бернли" сапында тұрақты ойын тәжірибесін жинап, Чемпионшип деңгейіне бейімделу және команданың Англия Премьер-лигасына оралуына көмектесу.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.