Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

"Ертіске" миллиардтар құйылмақ: павлодарлық клубқа инвесторлар келді

Алдағы кезеңде клубқа салынатын инвестицияның жылдық көлемі кемінде 1,5 млрд теңге болмақ.

"Ертіске" миллиардтар құйылмақ: павлодарлық клубқа инвесторлар келді
NUR.KZ

Жыл сайын кемінде 1,5 млрд теңге инвестиция салынады

Павлодардың "Ертіс" футбол клубы ресми түрде коммерциялық басқару моделіне көшті. Клуб жаңа жеке инвесторлармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғанын мәлімдеді.

Келісім бойынша "Павлодар өзен порты" АҚ клубтағы 50% үлеске, "RR-CAPITAL" ЖШС мен "Біріккен жеміс-көкөніс компаниясы" ЖШС 25%-дан үлеске ие болады. Клубтың мәліметінше, 2026 жылы "Ертісті" қолдауға қазірдің өзінде 250 млн теңге бағытталған. Жыл соңына дейін тағы 250 млн теңге бөлу жоспарланып отыр.

Ал алдағы кезеңде клубқа салынатын инвестицияның жылдық көлемі кемінде 1,5 млрд теңге болмақ. Негізгі басымдық клубтың өз тәрбиеленушілерін даярлауға және "Ертістің" Қазақстан Премьер-лигасындағы позициясын күшейтуге беріледі.

Мемлекет балалар мен әйелдер футболын қаржыландырады

Клуб коммерциялық басқаруға өткеніне қарамастан, мемлекет балалар және әйелдер футболын дамытуға қаржылай қолдау көрсетуді жалғастырады. "Ертістің" хабарлауынша, өзгерістер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби футбол клубтарын коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Еске салсақ, павлодарлық клуб 2020 жылдың мамырында қаржылық қиындықтарға байланысты Қазақстан чемпионатынан шығып қалған еді. 2022 жылы "Ертіс" банкрот деп танылды. Бір жылдан кейін клубты қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып, 2024 жылы команда кәсіби футболға оралды.

Екі маусым ішінде павлодарлықтар Екінші лигадан Премьер-лигаға дейін көтерілді. Биылғы Қазақстан Премьер-лигасының қорытындысы бойынша "Ертіс" 32 ұпай жинап, турнир кестесінде 12-орынға ие болды.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Клуб беті: Ертіс 12-орын