Алтын дубль жасаған бапкер кетпек: "Ордабасы" туралы тың ақпарат шықты
Шымкенттік "Ордабасы" бас бапкер Андрей Мартинмен келісімшартты ұзартпауы мүмкін.
Мартиннің кетуі туралы не белгілі?
Инсайдер Елдар Аманбаевтың мәліметінше "Ордабасы" басшылығы Андрей Мартинмен кездесіп, алдағы жоспарларды талқылаған. Кездесу қорытындысында тараптар келісімшартты ұзартпай, әріптестікті аяқтау жөнінде шешімге келген.
Дереккөздің жазуынша, шымкенттік клуб басшылығы алдына биік мақсат қоятын жаңа маманды шақыруға ниетті.
Негізгі мақсат – еурокубоктардың жалпы кезеңі
"Ордабасы" келесі маусымда Қазақстан чемпионы атағы үшін күресумен қатар, халықаралық аренада да табысқа жетуді жоспарлап отыр. Клубтың басты міндеттерінің бірі – еурокубоктардың жалпы кезеңіне жолдама алу.
Осы мақсатқа байланысты командада бас бапкер ауысуы ықтимал.
Андрей Мартиннің жетекшілігімен "Ордабасы" 2026 жылғы Қазақстан премьер-лигасында 68 ұпай жинап, чемпион атанды. Шымкенттіктер басты қарсыластары – 65 ұпай еншілеген "Қайрат" пен 54 ұпай жинаған "Астанадан" жоғары орналасты.
Бұған қоса, команда Қазақстан кубогын да иеленді. Финалда "Ордабасы" қызылордалық "Қайсарды" 4:1 есебімен жеңіп, алтын дубль жасады.