Молдова құрамасының футболшысына ҚПЛ-ге ауысу ұсынылды
23 жастағы жартылай қорғаушыға ҚПЛ клубтарының бірі қызығушылық танытып отыр.
Молдова ұлттық құрамасының баспасөз хатшысы Виктор Даги Кишиневтің "Зимбру" клубында ойнайтын Влад Рэйлянудың Қазақстан Премьер-лигасына ауысуы мүмкін екеніне қатысты пікір білдірді.
ASnews.kz мәліметінше, 23 жастағы жартылай қорғаушыға ҚПЛ клубтарының бірі қызығушылық танытып отыр.
"Бұл трансфер екі тарапқа да тиімді болады"
Виктор Даги футболшының қазіргі уақытта жарақат алып, бірнеше матчты өткізіп алғанын айтты. Соған қарамастан, ол Рэйлянудың әлеуетін жоғары бағалады.
"Қазір Владтың жарақаты бар, соңғы екі-үш турды өткізіп алды. Дегенмен ол өте жақсы, талантты әрі болашағы зор футболшы. "Зимбруға" дейін Украинада ойнады. Менің ойымша, оған Қазақстанға ауысқан дұрыс. Бұл трансферден ойыншының өзі де, жаңа клубы да ұтады", – деді Даги.
Бұған дейін Қазақстан Премьер-лигасындағы аты аталмаған амбициясы жоғары клубтың Рэйлянуға қызығушылық танытқаны хабарланған еді.
Ақпаратқа сәйкес, клуб басшылығы футболшының өкілімен байланысқа шыққан.
Кишиневте бес жыл өнер көрсеткен жартылай қорғаушының өзі де мансабындағы жаңа қадамға дайын екені айтылды.
Биыл 14 матч өткізді
Молдова Суперлигасының қазіргі маусымында Влад Рэйләну 14 матчқа қатысып, бір нәтижелі пас берді.
Өткен жылдың соңында ол Молдова ұлттық құрамасында дебют жасады.