
Боранбаевтың айтуынша, Дастан Сәтпаевтың «Челси» клубымен келісімшартқа отыруы қазақстандық футболшылар үшін үлкен мотивация.
Қайрат Боранбаев Қазақстан Суперкубогында «Ақтөбеге» қарсы өткен матчта алматылық клубтың шабуылшысы Дастан Сатпаевтың ойынын жоғары бағалады. Бұл туралы Offside.kz хабарлады.
Боранбаевтың айтуынша, жас шабуылшы өзін сенімді көрсетіп, жанкүйерлердің қолдауына ие болды. Ол Сатпаевтың ойын кезінде еш қысылмағанын және мықты ойыншы екенін дәлелдегенін атап өтті.
«Өте жақсы ойын көрсетті. Оны стадион жылы қарсы алғаны қуантты. Еш саспады, нағыз мықты жігіт екенін көрсетті. Сәтпаевтың «Челси» клубымен келісімшартқа отыруы – қазақстандық футболшылар үшін үлкен мотивация. Егер олар талаптарға сай келсе, әлемнің кез келген клубына баруға мүмкіндік бар», – деді Боранбаев.
Бұған дейін «Қайрат» пен «Челси» ресми түрде келісімге келгені хабарланған болатын. Жас ойыншы 2026 жылдың жазында 18 жасқа толған соң ағылшын клубына қосылады.
Сатпаев Суперкубок матчында екінші таймның басында алаңға шығып, Гиоргий Зарияны алмастырды. Ойын «Қайраттың» 2:0 есебімен жеңісімен аяқталды.