
Жуырда жартылай қорғаушы Ислам Чесноков алдағы ойынға байланысты пікірін білдірді.
Бүгін түнде Кардифф қаласында өтетін Уэльс – Қазақстан матчы қарсаңында ұлттық құрамамыз БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
«Ерекше көңіл-күйдеміз, себебі бізді күрделі ойын күтіп тұр. Уэльс – мықты қарсылас. Абат (Аймбетов) айтқандай, олар қатарынан алты матчта жеңіліс көрмеген және Ұлттар лигасында өз тобында бірінші орынды иеленген. Бірақ біз де оқу-жаттығу жиындарын сәтті өткізіп, матчқа сақадай сай отырмыз. Ең озық футболымызды көрсетсек дейміз», – деді Чесноков.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы 2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңін Уэльске қарсы матчпен бастайды. Бұл кездесу 23 наурызға қараған түні өтеді. Келесі ойында біздің команда 25 наурыз күні Лихтенштейнмен кездеседі.
Бұған дейін Абат Айымбетов Уэльс құрамасына қарсы ойында жеңіске жетіп, елге қуаныш сыйлағысы келетінін айтты.