Елордалықтар ҚХЛ-дың 2025/2026 маусымындағы кезекті сырт алаңдағы ойынында Мәскеудің «Динамосын» 4:2 есебімен ұтып, Шығыс конференциясында плей-офф аймағына қайта көтерілді. Мәскеулік клуб бұл матчқа 7 ойындық жеңіс сериясымен келген еді.
Алғашқы 20 минутта қос команда есеп аша алмады — қорғаныс пен қақпашылар ойыны алдыңғы қатарға шықты. Екінші кезеңде тараптар бір-бір шайбадан алмасты.«Барыс» сапынан Аңсар Шайхмедденов мергендік танытып, таразы басын теңестірді.
Ал матч тағдыры үшінші кезеңнің басында шешілді. Астаналықтар қысқа уақыт ішінде ойын тізгінін өз қолына алып, Семен Симонов, Иэн Маккошен және Дінмұхамед Қайыржанның голдары арқасында айқын басымдыққа шықты. Қорытындысында қонақтар Мәскеуден 4:2 есебімен маңызды жеңіс алып қайтты.
Бұл жеңістен кейін «Барыс» Шығыс конференциясында 8-орынға көтеріліп, плей-офф аймағына қайта енді. Мәскеуде фаворит саналған қарсыласты ұту — команда үшін психологиялық тұрғыдан да аса маңызды нәтиже.
21 желтоқсанда «Барыс» өз алаңында «Сочиді» қабылдайды.