"Барыстың" канадалық жаңа ойыншысы Астанаға келді (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Клуб өкілдері Гарретт Пилонды елорда әуежайында қарсы алды.

"Барыстың" канадалық жаңа ойыншысы Астанаға келді (ВИДЕО)
instagram.com/barys_official/

“Барыспен” бір жылдық келісімшарт жасады

“Барыстың” баспасөз қызметі Гарретт Пилонның Астанаға келген сәтінен түсірілген видеоны клубтың Instagram желісіндегі ресми парақшасында жариялады.

“Қазақстанға қош келдің!” – деп жазды елордалық клуб жаңа ойыншыға арнаған хабарламасында.

Елордалықтар 28 жастағы канадалық шабуылшымен келісімге келгенін 1 шілдеде ресми түрде хабарлаған. Тараптар 2027 жылдың 31 мамырына дейін жарамды біржақты келісімшартқа қол қойды. Осылайша Пилон командада кемінде бір маусым өнер көрсетеді.

Хоккейші өткен маусымда “Оттава Сенаторз” клубының Америкалық хоккей лигасындағы фарм-командасы – “Беллвилл Сенаторз” сапында ойнады.

Пилон AHL тұрақты чемпионатында 56 матчқа қатысып, 31 ұпай жинады. Оның еншісінде сегіз гол мен 21 нәтижелі пас бар.

“Барыстың” маусым алдындағы жоспары

Жаңа маусым басталғанға дейін Михаил Кравец жаттықтыратын команда екі оқу-жаттығу жиынын өткізеді.

Алғашқы жиыннан кейін “Барыс” 17–20 тамыз аралығында өтетін Башқұртстан Республикасы кубогына қатысады. Бұдан кейін елордалық клуб 27–30 тамыз күндері Николай Пучков атындағы турнирде бақ сынайды.

Екінші оқу-жаттығу жиынын аяқтаған соң команда Құрлықтық хоккей лигасының жаңа маусымына кіріседі.

Астаналық команда ҚХЛ тұрақты чемпионатын өз алаңындағы үш матчтан тұратын сериямен бастайды.

  • 7 қыркүйек – “Сібір”;
  • 9 қыркүйек – “Салават Юлаев”;
  • 12 қыркүйек – “Амур”.

Барлық үш кездесу Астанада өтеді.