"Барыс" Қазақстан құрамасының қақпашысымен келісімшартты бұзды

Бокс шолушысы

Астаналық хоккей клубы Никита Бояркин және қорғаушы Темірлан Гайтамировпен қоштасқанын ресми түрде хабарлады.

"Барыс" Қазақстан құрамасының қақпашысымен келісімшартты бұзды
sportrbc.ru

Қос қазақстандық хоккейшімен қоштасты

Астаналық клуб өкілдерінің хабарлауынша, мұндай шешім спорттық көрсеткіштер мен қазіргі трансферлік жағдайға байланысты қабылданған.

“Бұл шешім спорттық қағидат пен қазіргі трансферлік жағдайды ескере отырып қабылданды”, – делінген клуб хабарламасында.

Никита Бояркин Қазақстан құрамасының қақпашысы саналады. Ол “Барыс” сапында бес маусым өнер көрсетіп, клуб жейдесінде 103 матч өткізді. Голкипер 91,2 пайыз соққыларды қайтарған. 

Ресейлік БАҚ мәліметінше, Бояркиннің “Барыстағы” жылдық жалақысы 48 миллион рубльге, яғни шамамен 286 миллион теңгеге тең болған. Осы көрсеткіш бойынша ол өткен маусымда команданың ең жоғары жалақы алатын хоккейшісі атанған.

Америкалық қақпашыны шақырды

Құрлықтық хоккей лигасының жаңа маусымы алдында елордалық клуб америкалық қақпашы Хантер Шепардпен келісімшарт жасасты. Шепард “Херши Беарс” сапында екі мәрте Колдер кубогын жеңіп алған. Сондай-ақ 2023 жылы Америка хоккей лигасы плей-офф кезеңінің ең құнды ойыншысы деп танылды.

Жанкүйерлер Бояркиннің кеткеніне өкініш білдірді

“Барыстың” шешімі әлеуметтік желі қолданушыларының қызу талқылауына себеп болды. Бірқатар жанкүйер Қазақстан құрамасының қақпашысын командада қалдыру қажет еді деп есептейді.

  • “Өте өкінішті”;
  • “Үнемделген қаржы жаңа ойыншылар алуға жұмсалады деп үміттенемін”;
  • “Бояркин – жақсы қақпашы. Оны командада қалдыру керек еді. Оған сәттілік және болашақта “Барысқа” қайта оралуын тілеймін”, – деп жазды жанкүйерлер.