Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Қазақстан хоккейінің аңызы ұлттық құрамаға жаңа қызметке тағайындалды

Ұлттық құраманың бұрынғы капитаны Роман Старченко бапкерлік қызметке кірісті.

Қазақстан хоккейінің аңызы ұлттық құрамаға жаңа қызметке тағайындалды
sportilinet.kz

Жаңа қызметінде дебют жасайды

Қазақстан хоккей федерациясының мәліметінше, Роман Старченко 5–8 қараша аралығында Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында өтетін Азия чемпионатында ұлттық құраманың жаттықтырушысы ретінде алғаш рет жұмыс істейді.

Биылғы құрлықтық додаға Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай құрамалары қатысады. Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметін екінші жыл қатарынан Талғат Жайлауов атқарады. Ал Старченко оған көмекшілік етеді.

Ұзақ жылдар бойы Қазақстан хоккейінің дамуына үлес қосқан тәжірибелі ойыншы енді жинаған білімі мен шеберлігін ұлттық құраманың хоккейшілеріне үйретпек.

Қазақстан үшінші рет топ жаруды көздейді

Айта кетейік, Қазақстан хоккей құрамасы Азия чемпионатының соңғы екі маусымында қарсылас шақ келтірмеген.

Отандастарымыз 2024 жылы Алматыда өткен турнирде чемпион атанса, 2025 жылы Бейжіңдегі жарыста да алтын медаль жеңіп алып, атағын сәтті қорғады.

Енді қазақстандық хоккейшілер Оңтүстік Кореяда өтетін құрлық біріншілігінде қатарынан үшінші мәрте чемпион атануға мүмкіндік алады.

Алдағы Азия чемпионатында ұлттық құрамамен жұмыс істейтін мамандардың толық тізімі жарияланды.

Бас бапкер: Талғат Жайлауов;
Жаттықтырушылар: Константин Пушкарев, Роман Старченко;
Қақпашылар жаттықтырушысы: Александр Смелянец;
Бейнеталдау жаттықтырушысы: Владислав Белан;
Дене дайындығы бойынша жаттықтырушы: Игорь Елисеев;
Бас менеджер: Олег Болякин.

Старченко туралы не белгілі?

Роман Старченко – Қазақстан хоккейінің ең танымал әрі тәжірибелі өкілдерінің бірі. Ол ұзақ жылдар бойы ұлттық құраманың намысын халықаралық жарыстарда қорғап, команда капитаны қызметін атқарды.

Қазақстандық хоккейші ел хоккейінің дамуына елеулі үлес қосып, жанкүйерлер арасында үлкен құрметке ие болды. Енді ол ойыншы ретіндегі тәжірибесін бапкерлік жұмыста пайдаланып, Қазақстан құрамасының жаңа жетістіктерге жетуіне атсалыспақ.

Бұл туралы не ойлайсыз?