
Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Пауло Рикардо Кака Вьетнамға қарсы өткен жолдастық кездесулерден кейін өз ойын ортаға салды. Қос матч та отандық футбол жанкүйерлері үшін сәтсіз өтті.
Қазақстан құрамасы Вьетнамға қарсы екі жолдастық кездесу өткізді. Алғашқы ойында біздің команда 1:4 есебімен ойсырай жеңілді, ал екінші матч 2:2 есебімен аяқталды. Осы ойындардан кейін Кака мынадай пікір білдірді:
"Бұл кездесулер екі тарап үшін де пайдалы болды. Бізде буын алмасу кезеңі жүріп жатыр. Құрамда көп жас ойыншы бар. Олардың ойынына өте ризамын. Тәжірибелі ойыншылардың көмегі де ерекше байқалды. Дұрыс жұмыс істесек, нәтиже де болатыны анық."
Бапкердің айтуынша, бірінші таймда Қазақстан құрамасы сенімді ойын көрсетті. Алайда екінші таймда алаң иелері басымдыққа ие болып, ойынның жүрісін өз қолына алды.
"Вьетнам ойыншыларының жеке шеберлігі жоғары. Олар бір-бірімен жақсы байланыс орнатып, бірден-бірге өтіп кете алады. Бізде мұндай ойыншылар жетіспейді. Сондықтан допты бақылау жағынан қарсылас үстемдік етті. Дегенмен қорғаныста тәртіппен ойнадық, нәтижесі де соған сай."
Каканың айтуынша, бірінші ойынның нәтижесі әділетсіз болған. Есеп ірі болғанымен, ойында тепе-теңдік байқалған.
"Бірінші матчта 1:4 есебімен жеңілдік, бірақ ол ойын тең дәрежеде өтті. Ал бүгінгі нәтиже — біздің қазіргі шынайы деңгейіміз. Мұны мойындау керек."
Бас бапкер жастар үшін осындай сапарлар мен жағдайлардың өте маңызды екенін айтты:
"Мұндай кездесулерде тәжірибе жинақтау — өте құнды. Басқа елде, өзге ортада ойнау, басқа тағам жеу — бұның бәрі кәсіби футболшы ретінде өсу жолының бір бөлігі. Жолдастық матчтарда біз эксперимент жасап, резервтегі ойыншыларды тексере аламыз. Ал ресми кездесулерде бұл мүмкін емес."