
"Астана" баскетбол клубы алдағы маусымда ВТБ Бірыңғай лигасына қатыспайды. Бұл туралы лига президенті Сергей Кущенко мәлімдеді.
Сергей Кущенконың айтуынша, клуб бұл шешімді Қазақстандағы заңнамалық өзгерістерге байланысты қабылдаған. Атап айтқанда, елде легионерлерге қатысты шектеулер енгізіліп, клуб шетелдік ойыншыларды сапына қоса алмайды.
"Астана" заңнамалық бастамаларға байланысты уақытша үзіліс алуға шешім қабылдады. Біз мұны "каникул" деп атаймыз. Негізгі команда келесі маусымда қатыспайды, бірақ олардың U21 құрамы ВТБ Бірыңғай жастар лигасында өнер көрсетеді. Ал негізгі ұжым 2026 маусымында оралуы мүмкін. Біз де, олар да ынтымақтаспақ ниеттеміз," — деді Кущенко.
Жаңа маусымның форматы маусым айының ортасында, чемпионат аяқталған соң өтетін Лига кеңесінде нақты бекітіледі. Кущенконың сөзінше, әзірге ешқандай түбегейлі өзгеріс болмайды.
"Жаңа қатысушылар жайлы нақты шешім жоқ. Біз үміткерлердің қаржылық және ұйымдастырушылық жағдайын саралап жатырмыз. Қазіргі формат сақталуы мүмкін," — дейді “Локомотив-Кубань” баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
"Астана" клубының уақытша бас тартуы — Қазақстандағы спорт заңнамасына енгізілген өзгерістердің тікелей салдары. Дегенмен клуб толық құраммен жарысқа қайта оралуға ниетті.