
Халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетін бірегей нысан енді әлемдік деңгейдегі жарыстарды қабылдап, өңір спортын жаңа белеске көтермек.
Жаңа есу арнасы Халықаралық каноэ федерациясы (ICF) мен Халықаралық академиялық есу федерациясының (FISA) талаптарына сай тұрғызылған. Бұл нысан тек Қазақстан үшін ғана емес, күллі Орталық Азия үшін теңдесі жоқ спорттық инфрақұрылым саналады.
Ашылу салтанатына арнайы келген ICF президенті Томас Кониеццко арнаны жоғары бағалап, оның болашағы зор екенін атап өтті.
«Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі ең ірі спорт нысандарының бірін ашып отырмыз. Мұнда халықаралық турнирлер өткізіп қана қоймай, қала тұрғындарына да спортпен шұғылдануға мүмкіндік беріледі. Волейбол, футбол, баскетбол алаңдары мен жағажай аймағы да қарастырылған», – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Бүгінде еліміздің 12 өңірінде академиялық есу, байдарка мен каноэ және есу слаломымен 6 131 адам жүйелі түрде айналысады. Оларға 174 жаттықтырушы тәлім беріп жүр.
Бұл спорт түрі – Олимпиададағы ең медальды бағыттардың бірі. Тек бір ғана додада 14 жиынтық медаль сарапқа салынады, ал әлем чемпионаттарында 20-дан астам бағдарлама бар.
Жаңа нысанның жалпы аумағы – 100 гектар, ұзындығы – 2,5 шақырым. Арна академиялық есу мен каноэ жарыстарын, сондай-ақ Әлем және Азия кубогын қабылдауға толықтай дайын.
Сонымен қатар:
Бұл жоба Түркістанның спорттық, туристік және экологиялық дамуына серпін береді. Есу арнасы ұлттық құрамаларды дайындайтын және жас спортшыларға жол ашатын негізгі орталыққа айналмақ.