
Пәкістандағы Қарақорым тауында қайғылы жағдайға тап болған Олимпиада чемпионы, неміс биатлоншысы Лаура Дальмайердің денесін эвакуациялау үшін құтқарушылар арнайы экспедицияға шықты.
28 шілде күні Дальмайер Лайла шыңына (биіктігі шамамен 5700 метр) көтеріліп бара жатқанда тас құлаудың астында қалған. Қиын рельеф пен толассыз құлаған тастар құтқару жұмыстарын қиындатқан.
Тікұшақпен әуеден тексеру кезінде спортшы өмір белгілерін көрсетпегені анықталған. Алдын ала мәлімет бойынша ол оқиға орнында көз жұмған. Эвакуация сол сәтте мүмкін болмады, ал жер үсті операциясы тым қауіпті деп бағаланған.
Айта кету керек, Дальмайер тірі кезінде арнайы жазба қалдырып, төтенше жағдайда ешкім өз өмірін қатерге тігіп құтқаруға тырыспауын өтінген. Сондай-ақ денесінің тауда қалуын қалаған.
Лаура Дальмайер спорттық мансабын 2019 жылы небәрі 25 жасында аяқтап, өзін альпинизмге арнады. 2025 жылдың 8 шілдесінде әйгілі Транго мұнарасын (6287 м) бағындырған еді.