Милан-Кортинадағы қысқы Паралимпиада жарыстары қазір қызып тұр. Бірақ оны көрермендер толық көре алмай әлек. Осы ретте спортшылар мен жанкүйерлер жарыстың бұқаралық ақпарат құралдарында жеткілікті деңгейде көрсетілмей жатқанына наразылық білдіруде.
Паралимпиадашылар тау беткейлерінде өз шеберліктерін көрсеткенімен, әлемнің көптеген елінде жанкүйерлер жарысты тек қысқа репортаждар немесе стриминг қызметтері арқылы ғана көре алады. Бұл жағдай қысқы Олимпиада ойындарымен салыстырғанда мүлде өзгеше.
Олимпиада жарыстары тегін телеарналар мен стриминг платформаларында толығымен көрсетілген еді. АҚШ-тың Паралимпиада чемпионы, жеңіл атлет Хантер Вудхолл әлеуметтік желідегі парақшасында АҚШ-тағы ресми трансляция жүргізетін NBC телеарнасын және Peacock стриминг платформасын сынға алды. Ол видеосында жарыстардың тегін көрсетілмеуі және кейбір трансляциялардың сапасыз жүргізілуі көңілінен шықпағанын айтты. Спортшының пікірінше, телекомпаниялар Паралимпиада ойындарын насихаттауға жеткілікті күш салмай отыр. Айтуынша, мәселе тек спортта емес.
My Ability Sports Media ұйымының өкілі Алана Балди де Австралияда жарыстарды толық әрі тұрақты көру қиын екенін айтты. Балдидің айтуынша, мұндай теңсіздік паралимпиадалық спорттың дамуына кедергі келтіреді.
“Паралимпиадашылар - жоғары деңгейдегі спортшылар. Олар да олимпиадашылар сияқты бірдей назарға, қолдауға лайық”.
Сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары жазғы Паралимпиада ойындарына қызығушылық айтарлықтай артқан. Енді дәл сондай назар қысқы ойындарға да аударылуы керек.
Еске сала кетсек, Ербол Хамитов парабиатлоннан Қазақстанның тұңғыш әлем чемпионы атанып, ерлер арасындағы шаңғы спринтінде қола жүлдеге ие болды. Нәтижесінде жарысқа қатысып жатқан 55 елдің ішінде рейтингте 24- орынға жайғастық. Жүлде бойынша алғашқы орындарды Қытай, АҚШ және Австрия иеленді.