Әбиба Әбужақынова мен Ризабек Айтмұқхан 2500$ алды
Қазақстанның 20 спортшысы 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дайындық аясында Халықаралық Олимпиада комитетінен (ХОК) қаржылай қолдау алды.
Атлеттерге алғашқы төлем жасалды
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің мәліметінше, отандық спортшылар ХОК-тың жеке стипендия бағдарламасы бойынша алғашқы траншты иеленді. Бұл қаражат Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасына дайындықты күшейтуге бағытталған.
Бағдарлама аясында әр спортшыға 2500 доллар, яғни шамамен 1,2 миллион теңге көлемінде төлем аударылған.
Стипендия кімдерге беріледі?
Аталған қаржылай қолдау Олимпиада-2028 бағдарламасына енген жеке спорт түрлерінде сынға түсетін атлеттерге арналған.
Іріктеу кезінде бірнеше негізгі талап ескерілген:
- спортшының Олимпиада жолдамасына таласуға мүмкіндік беретін нәтижесі болуы;
- ойындарда жоғары нәтиже көрсету әлеуеті;
- допингке қарсы ережелерді бұзбауы;
- Олимпиада хартиясына қайшы келетін өзге де санкциялардың болмауы.
Қысқасы, ХОК бұл қолдауды жай ғана үлестіріп отырған жоқ — сүзгіден өткен, болашағы бар спортшыларға инвестиция салып отыр.
Қаражат қандай мақсаттарға жұмсалады?
Берілген қаржы спортшылардың дайындық процесін күшейтуге бағытталады. Атап айтқанда, қаражат мынадай бағыттарға пайдаланылуы мүмкін:
- оқу-жаттығу жиындарын өткізуге;
- жеке жаттығу сабақтарына;
- бапкерлер мен мамандардың қызмет ақысын төлеуге;
- медициналық және ғылыми қолдауға;
- сақтандыру шығындарына;
- тұру және тамақтану шығындарына.
Сонымен қатар бұл қаражаттың жұмсалуы белгіленген тәртіп бойынша тұрақты есеп берумен қатар жүреді.
ХОК стипендиясын алған қазақстандық спортшылар
Қазақстан атынан бұл бағдарламаға енген спортшылар тізімі төмендегідей:
- Аида Әбікеева — бокс
- Сағындық Тоғамбай — бокс
- Ғұсман Қырғызбаев — дзюдо
- Әбиба Әбужақынова — дзюдо
- Милад Карими — спорттық гимнастика
- Руслан Құрбанов — семсерлесу
- Исхар Құрбаев — грек-рим күресі
- Ризабек Айтмұхан — еркін күрес
- Зейнеп Баянова — әйелдер күресі
- Мария Бровкова — байдарка және каноэде есу
- Александра Ле — нысана көздеу
- Ислам Сәтпаев — нысана көздеу
- Әмір Маймұратов — спорттық құзға өрмелеу
- Батырхан Төлеуғали — таеквондо
- Алан Құрманғалиев — үстел теннисі
- Елизавета Матвеева — жеңіл атлетика
- Әсем Орынбай — стенд ату
- Сергей Петрович — ауыр атлетика
- Арай Нұрлыбекова — ауыр атлетика
- Данил Мусабаев — батут гимнастикасы