Қазақстан Азия чемпионатын "алтынмен" бастады
Құрлықтық дода Филиппиннің Тагайтай қаласында өтіп жатыр.
Қазақстан құрамасы тректегі велоспорт бойынша Азия чемпионатын сәтті бастап, алғашқы алтын медальға қол жеткізді. Жасөспірім қыздар құрамасы командалық жарыста сәтті өнер көрсетіп, қарсыластарынан басым түсті.
Ел намысын кім қорғады?
- Аружан Қабдулова;
- Виталина Хоружая;
- Айгерім Смайлканова;
- Әнел Ташбай;
- Алия Букаева қорғады.
Спортшылар 300 ұпай жинап, жарыстың жеңімпазы атанды.Бұл нәтиже командаға сенімді басымдықпен бірінші орынды қамтамасыз етті.
Екінші орынға Қытайдың Тайбэй құрамасы (270 ұпай) тұрақтаса, үшінші орынды Өзбекстан спортшылары (240 ұпай) иеленді.
Қазақстандық велошабандоздардың бұл жеңісі – турнирдің алғашқы күндеріндегі маңызды жетістік болды.
Чемпионат жалғасуда
Азия чемпионаты 25-31 наурыз аралығында өтеді. Жарысқа ересектер де, жасөспірімдер де қатысып, құрлықтың үздік велошабандоздары анықталады. Аталған чемпионат жалпы биыл 45-ші рет өтіп жатыр. Тагайтай қаласындағы велодром 2025 жылы осы сайысқа арнайы салынған.
Айта кетейік, филиппиндер бұл турнирді соңғы рет 1995 жылы Кесон - Ситидегі Аморанто спорт кешенінің велодромында өткізген. Чемпионатқа 20-ға жуық елден 600-ден астам велоспортшы қатысып, бақ сынап жатыр. Қазақстан құрамасы үшін бұл жеңіс турнирдегі табысты бастаманың айқын көрінісі атанды.