"Жетісу" волейболшылары - Азия чемпиондар лигасының қола жүлдегері

Сарапшы, спорт журналисі

Талдықорғанның "Жетісу" волейбол клубы AVC Women’s Champions League турнирінде үшінші орын иеленді.

"Жетісу" волейболшылары - Азия чемпиондар лигасының қола жүлдегері
instagram/@vc_zhetysu

Екінші рет өткен дода

Таиландта әйелдер арасындағы AVC Women’s Champions League додасы мәресіне жақындап келеді. Биыл екінші рет ұйымдастырылған құрлықтық турнирде Қазақстан намысын қорғаған “Жетісу” үздік үштіктен көрінді.

Талдықорғандықтар қола жүлде үшін өткен матчта алаң иелері “Суприм Чонбури” командасымен кездесті. Марко Гршич жаттықтыратын волейболшылар ойын басынан-ақ басымдықты қолға алып, қарсыласына айтарлықтай мүмкіндік берген жоқ.

Кездесу үш партияға ғана созылды. Партиялардағы есеп: 25:18, 25:15, 25:21.

Айта кетейік, жартылай финалда қазақстандық клуб Жапонияның “NEC Red Rockets” командасына жол берген. Ал “Суприм Чонбури” Таиланд чемпионы “Нахонратчасимаға” есе жіберді.

“Жетісу” – былтырғы чемпион

Өткен маусымда “Жетісу” әйелдер арасындағы Азия Чемпиондар лигасының алғашқы жеңімпазы атанған. Биыл турнир форматы өзгеріп, жарыс бірден ширек финалдық кезеңнен басталды. Сол сатыда қазақстандық клуб Қытайдың мықты командасын бес партияға созылған тартысты ойында ұтып, жартылай финалға шыққан.

AVC Women’s Champions League турнирінің биылғы чемпионы бүгін кешке анықталады. Финалда Жапонияның “NEC Red Rockets” клубы мен Таиландтың “Нахонратчасима” командасы кездеседі.