Қазақстан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында алғашқы медаль жеңіп алды
Үндістанның Гандинагар қаласында өтіп жатқан құрлықтық додада Александр Уваров қола медаль иеленді.
Жұлқа көтеруде үздік үштікке енді
88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Александр Уваров жұлқа көтеру жаттығуында 165 келіні бағындырды. Бұл нәтиже қазақстандық атлетке үшінші орын алып, Азия чемпионатының қола жүлдегері атануға мүмкіндік берді.
Кейін Александр Уваров серпе көтеру жаттығуында 200 келі көтеріп, бұл бағытта төртінші нәтиже көрсетті. Қоссайыс қорытындысы бойынша жалпы 365 келі жинады. Осы көрсеткішпен Уваров жалпы есепте 5-орынға тұрақтады.
Әлібек Рахымберді тоғызыншы орын алды
Осы салмақ дәрежесінде Қазақстан атынан тағы бір спортшы — Әлібек Рахымберді де өнер көрсетті. Ол жарыс қорытындысы бойынша 9-орынға жайғасты.
Александр Уваровтың қола медалі Қазақстан құрамасы үшін биылғы Азия чемпионатындағы алғашқы жүлде болды.
Айта кетейік, ауыр атлетикадан Азия чемпионаты 18 мамырға дейін жалғасады. Алдағы күндері Қазақстан намысын 111 келіге дейінгі салмақта Мейрам Сұлтан қорғайды.