Балаларды құтқармақ болған қырғызстандық ММА файтері қаза тапты
Қырғызстандық аралас жекпе-жек шебері Медет Жээналиев Ыстықкөлде суға батып бара жатқан балаларды құтқару кезінде көз жұмды.
Ыстықкөлдегі қайғылы оқиға
Қайғылы жағдай 12 мамыр күні кешкі уақытта Ыстықкөл маңында тіркелген. Ақпаратқа сәйкес, пирс маңында үш қыз бала болған. Сол сәтте көлде толқын күшейіп, балалардың бірі суға бата бастаған.
Медет Жээналиев жағдайды байқап, бірден көмекке ұмтылған. Ол ойланбастан пирстен суға секіріп, баланы құтқаруға тырысқан.
Медеттің ауылдасы оқиға сәтін былай сипаттаған:
“Пирсте үш қыз болды. Біз біраз доп ойнап, кейін суға түстік. Толқын қатты болғандықтан, біз жағаға шығып, қыздарға абай болыңдар деп ескерттік. Біраз алыстағанымызда жағалаудан айқай естілді. Қыздардың бірі суға бата бастады. Медет бірден жүгіріп барып, пирстен секірді. Мен оның артынан жүгірдім, бірақ суға жағадан кірдім. Қызды ұстап, кері қарай жүзе бастадым. Бізге байдаркадағы ер адам көмектесті. Сол сәтте Медетті көзден таса қылып алдық”.
Кейін белгілі болғандай, Медет Жээналиевтің өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Ал суға батып бара жатқан бала аман қалған.
Медет Жээналиевтің спорттағы жолы
Медет Жээналиев ММА спортында бірнеше жекпе-жек өткізген. Ол кәсіби деңгейде 2017-2019 жылдар аралығында өнер көрсеткен. Жалпы төрт кездесу өткізіп, оның екеуінде жеңіске жеткен.
Медет Жээналиевтің бұл әрекеті көпшілікке нағыз ерліктің үлгісі болды. Ол өз өміріне қауіп төнсе де, бала өмірін құтқару үшін суға секірген.
Марқұмның отбасына, жақындарына және спорт қауымдастығына көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы болсын.