Қазақстан шағын футболдан қазіргі чемпионды жеңіп, Еуро-2026 жартылай финалына шықты
Қазақстан құрамасы Албания астанасы Тиранада соккадан Еуропа чемпионатында тарихи жеңіске жетті.
Жалғыз гол матч тағдырын шешті
Ширек финалдық кездесуде Қазақстан мен Польша құрамалары кездесті. Матч тағдырын бірінші таймдағы бір ғана гол шешті.
10-минутта Алексей Забогонский өткір бұрыштан әуелете келген допты бірден қақпаға бағыттап, әдемі голдың авторы атанды. Осы соққы Қазақстанға маңызды жеңіс сыйлады — 1:0.
Қазақстан титул үшін күресті жалғастырады
Бұл нәтиже Қазақстан құрамасына Еуро-2026 турнирінің жартылай финалына жол ашты. Енді ұлттық команда құрлық біріншілігінің басты жүлдесі үшін бәсекені жалғастырады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан 1/8 финалда Германия құрамасын ірі есеппен жеңді. Ол ойында отандастарымыз 4:0 есебімен басым түсті. Голдарды Александр Кислицын, Төрехан Досов, Диас Үсейінов және Олжас Тайбасаров соқты.
Қазақстан — Еуропаның бұрынғы чемпионы
Қазақстан соккадан Еуропа аренасында бұған дейін де жоғары нәтиже көрсеткен. 2024 жылы ұлттық құрама Еуропа чемпионы атанды. Ал Еуро-2025 турнирінде Қазақстан ширек финалда Испанияға есе жіберді.
Бұл жолы Польша Қазақстанға қарсы матчқа қазіргі Еуропа чемпионы мәртебесінде шықты. Бірақ қазақстандық футболшылар сенімді қорғаныс пен тиімді шабуылдың арқасында қарсыласын тоқтата алды.
Қазақстан құрамасының Польшаға қарсы жеңісі ұлттық команданың Еуро-2026 турниріндегі басты жетістіктерінің бірі болып отыр.