Қазақстан Еуро-2026 финалына шықты (ВИДЕО)
Қазақстан құрамасы соккадан Еуро-2026 турнирінің финалына жолдама алды.
Албания астанасы Тиранадағы соккадан Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы кезекті маңызды жеңісіне жетті. Жартылай финалда ел намысын қорғаған футболшылар Венгрия құрамасымен кездесті.
Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ Қазақстан белсенді қимылдады. Кездесудің бірінші минуты аяқталар тұста Темірлан Әділов есеп ашты. Ал 16-минутта Диас Егінжанов мергендігімен көзге түсті.
Үзілістен кейін де Қазақстан құрамасы қорғаныста жинақы ойнап, қарсыласқа есепті қысқартуға мүмкіндік берген жоқ. Нәтижесінде матч 2:0 есебімен аяқталып, Қазақстан құрамасы Еуро-2026 финалына шықты.
Финалда Қазақстан құрамасы Испания мен Сербия арасындағы екінші жартылай финалдың жеңімпазымен кездеседі.
Айта кетейік, плей-офф кезеңінде Қазақстан құрамасы жоғары деңгейдегі ойын көрсетіп келеді. 1/8 финалда отандастарымыз Германияны 4:0 есебімен жеңсе, ширек финалда Польша құрамасынан 1:0 есебімен басым түсті.