Ауыр атлетиканың жас жұлдызы Едіге Емберді Азиадаға қатыспайды

Бас редактор

Астаналық спортшы Олимпиадаға іріктеу санатына кіретін басқа халықаралық жарыстардың бірінде бақ сынамақ. 

Ауыр атлетиканың жас жұлдызы Едіге Емберді Азиадаға қатыспайды
olympic.kz

Қазақстан ауыр атлетикасының жас жұлдызы Едіге Ембердінің 2026 жылдың соңына дейінгі жарыс жоспарына қатысты ақпарат белгілі болды. Астаналық спортшы Азия ойындарын өткізіп, басқа маңызды халықаралық стартқа қатысуы ықтимал.

Ақпаратқа сәйкес, Емберді Қытайда өтетін әлем чемпионатына немесе Қатардағы халықаралық турнирге қатысуы ықтимал.

Қытайдағы әлем чемпионаты 27 қазан мен 8 қараша аралығында өтеді. Ал Қатардағы турнир 11-20 желтоқсан күндеріне жоспарланған.

Едіге Емберді қатысуы мүмкін екі турнир де 2028 жылы АҚШ-та өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу жарыстарының қатарына кіреді.

Лос-Анджелестегі Олимпиада 14-30 шілде аралығында өтеді. Сондықтан қазақстандық ауыр атлет үшін алдағы старттар олимпиадалық цикл тұрғысынан маңызды болмақ.

Антропов та Азия ойындарына қатыспайды

Бұған дейін Қазақстанның тағы бір жетекші ауыр атлеті Артем Антроповтың да 2026 жылғы Азия ойындарына қатыспайтыны хабарланған еді.

Осылайша ел құрамасының екі танымал зілтеміршісі Жапониядағы құрлық додасынан тыс қалмақ.

Едіге Емберді кім?

Едіге Емберді 2005 жылы 6 мамырда Астана қаласында дүниеге келген.

Оның жеке бапкері — Айбек Аманиязов. Қазақстандық ауыр атлет жас санаттарында бірнеше ірі халықаралық жарыста топ жарып, әлемдік деңгейдегі перспективалы спортшылардың бірі ретінде танылды.

Едіге Емберді 2022 жылы 73 келіге дейінгі салмақта жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанды.

Сол жылы ол жастар арасындағы Азия чемпионатында да алтын медаль жеңіп алды.

2023 жылы 81 келіге дейінгі салмақта, ал 2024 жылы 89 келіге дейінгі салмақта жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарды.

Азия рекордын жаңартқан

2025 жылы Едіге Емберді 79 келіге дейінгі салмақта жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жеңіске жетті.

Сол жарыста ол қоссайыс қорытындысы бойынша Азияның жаңа рекордын орнатты.

Сонымен қатар Емберді 2025 жылғы Исламиадада үш медаль жеңіп алды. Оның еншісінде екі қола және бір күміс жүлде бар.