"Астана" баскетболшылары клубтың жабылуына байланысты Президентке үндеу жасады (ВИДЕО)

Футбол шолушысы

Қазақстан құрамасының баскетболшылары бұл жағдай елдегі баскетболдың болашағына кері әсер етуі мүмкін екенін айтты.

"Астана" баскетболшылары клубтың жабылуына байланысты Президентке үндеу жасады (ВИДЕО)
instagram.com/murzagaliyev10/

Ойыншылар алаңдаушылық білдірді

“Астана” клубы мен Қазақстан құрамасының бірқатар ойыншысы негізгі команданың жабылуына байланысты көпшілікке үндеу жолдады.

Мәлімдемеге Қазақстан құрамасының баскетболшылары Рустам Мырзағалиев, Асқар Майдекин, Руслан Айтқали, Вадим Щербак, Роберт Пан, Владимир Иванов, Александр Жигулин және Олег Балашов қол қойған. Оларға Спорт министрлігінің шешімімен “Астананың” негізгі құрамының жұмысын тоқтататыны хабарланған.

“Бұл – бүкіл қазақстандық баскетбол үшін ауыр соққы. “Астана” Қазақстанның 11 дүркін чемпионы, ел Кубогының 10 дүркін иегері және Батыс Азия суперлигасының жүлдегері. Өткен маусымда бапкерімізден айырылғанымызға қарамастан чемпионаттың күміс жүлдесін жеңіп алдық. Қазір біз тек өз болашағымыз үшін емес, тұтас қазақстандық баскетбол үшін алаңдап отырмыз”, – делінген ойыншылардың үндеуінде.

Ұлттық құрамаға да әсер етуі мүмкін

Баскетболшылар “Астана” клубының Қазақстан құрамасы үшін маңызды база екенін атап өтті. Олардың сөзінше, ұлттық команданың 12 ойыншысы дәл осы клуб сапында өнер көрсетеді. Ал алда Қазақстан құрамасын Азия кубогының алдын ала іріктеу кезеңі мен Азия ойындары күтіп тұр.

“Астана” – ұлттық құраманың базалық клубы. Егер команда жұмысын тоқтатса, құрама дамуының негізгі тіректерінің бірінен айырылады. Сонымен қатар жас баскетболшылардың кәсіби деңгейге көтерілу мүмкіндігі де азаяды. Бұл тек баскетбол үшін емес, жалпы Қазақстан спорты үшін үлкен шығын болуы мүмкін”, – деді ойыншылар.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында “Астана” баскетбол клубының қаржылық қиындықтарға байланысты ВТБ Бірыңғай лигасының келесі маусымына қатыспауы мүмкін екені хабарланған.