ҚПЛ Футбол Бәрі-бір Жекпе-жек Жаңалықтар Хоккей Авто Теннис Фитнес Киберспорт Болжам Ойыннан тыс Чемпиондар лигасы
ҚПЛ 21-тур

"Астана" ВТБ Бірыңғай лигасынан ресми түрде бас тартты

"Астана" баскетбол клубы 2026/27 маусымында ВТБ Бірыңғай лигасында өнер көрсетпейді.

"Астана" ВТБ Бірыңғай лигасынан ресми түрде бас тартты
instagram.com/astanabasket/

ВТБ лигасынан неге шықты?

ВТБ Бірыңғай лигасының мәліметінше, қазақстандық клуб ұйымға 2026/27 маусымына қатыса алмайтыны жөнінде ресми хат жолдаған. Құжатқа “Астана” клубының бас директоры Самсон Аракелян қол қойған. Онда команданың чемпионаттан бас тартуына қаржыландыруды оңтайландыру себеп болғаны көрсетілген.

Осыған байланысты жарыс регламентіне сәйкес “Астана” 2026/27 жылғы ВТБ Бірыңғай лигасына қатысатын клубтар қатарынан шығарылады. Сонымен бірге елордалық клуб пен Қазақстан баскетбол федерациясының өкілдері Лига кеңесінің құрамынан да шығады.

“Астананың” жарыстан шығуына қарамастан ВТБ Бірыңғай лигасы жаңа маусымға бекітілген турнир өткізу жүйесін өзгертуді жоспарлап отырған жоқ. 2026/27 маусымында чемпионатқа 11 клуб қатысады.

Ойыншылар Тоқаевқа үндеу жолдаған

Бұған дейін “Астана” БК мен Қазақстан құрамасының ойыншылары Мемлекет басшысы мен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа ашық үндеу жасаған. Баскетболшылар клубты сақтап қалуға шақырып, команданың жабылуы Қазақстан құрамасының дайындығына және елдегі баскетболдың одан әрі дамуына кері әсер етуі мүмкін екенін айтқан.

Ойыншылардың пікірінше “Астана” ұзақ жылдар бойы қазақстандық баскетболшылардың халықаралық деңгейде тәжірибе жинауына мүмкіндік берген негізгі жобалардың бірі болды.

ҚР Спорт істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин бұған дейін клубты қаржыландыруға қатысты тәсілдердің қайта қаралып жатқанын мәлімдеген.

Бұған бірнеше фактор әсер еткен. Соның бірі – “Астананың” ВТБ Бірыңғай лигасындағы нәтижесі. Команда өткен кезеңде 44 кездесудің небәрі екеуінде жеңіске жеткен. Сонымен қатар Қазақстанда легионерлерге бюджет қаражатын жұмсауға шектеу қоятын жаңа талаптар күшіне енді.

Осыған байланысты спорт саласындағы мемлекеттік саясатта балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға, сондай-ақ жергілікті жас баскетболшыларды даярлауға көбірек көңіл бөлу көзделіп отыр.

Бұл туралы не ойлайсыз?