Қазақстан жасөспірімдер Олимпиадасының екінші алтынын иемденді
Велошабандоз Әнел Ташбай Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарды.
Қарсыластарынан үздік шықты
Қазақстандық шабандоз шосседегі велоспорттың жекелей уақытқа жарысында жеңіске жетті. Ол қашықтықты 11 минут 32,57 секундта еңсеріп, қатысушылар арасындағы ең үздік нәтижені тіркеді.
Күміс жүлде словакиялық Каролина Гайдуковаға бұйырды. Оның көрсеткіші – 11 минут 37,62 секунд. Ал ресейлік Ангелина Новолодская 11 минут 43,65 секунд нәтижесімен қола медаль иеленді.
Әнел Ташбай екі күн бұрын шосседегі топтық жарысқа да қатысып, жетінші орын алған. Сол сында 20 велошабандоздың уақыты бірдей болды – 1 сағат 31 минут 19 секунд. Ал жеңімпаз атанған Новолодская бұл жолы қазақстандыққа есе жіберді.
Қазақстан қоржынында үш медаль бар
Ташбайдың жеңісінен кейін Қазақстан құрамасының Дакардағы IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында жеңіп алған жүлделерінің саны үшке жетті:
Алтын: Фатима Сұпығалиева – дзюдо, 52 келіге дейінгі салмақ;
Алтын: Әнел Ташбай – шосседегі велоспорт, жекелей уақытқа жарыс;
Қола: Рамазан Әйнегов – триатлон.