"Жетісу" Үндістандағы халықаралық турнирді жеңіспен бастады
Волейболдан Қазақстан чемпионы Үндістанның Бхубанешвар қаласында өтіп жатқан CAVA Men's Volleyball League 2026 турниріндегі алғашқы кездесуінде жеңіске жетті.
Үндістандық клубты төрт сетте жеңді
Қазақстанның Ұлттық волейбол федерациясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Марат Адрышев шәкірттері жарысты жергілікті "Телугу Блэк Хокс" командасына қарсы матчпен бастады.
Кездесу 3:1 есебімен "Жетісудың" пайдасына аяқталды. Қазақстандық волейболшылар бірінші сетте 25:21 есебімен басым түссе, екінші кезеңде қарсыласына есе жіберді — 18:25.
Үшінші сетте "Жетісу" қайта алға шықты — 25:19. Ал тартысты өткен төртінші кезеңде командалар 25 ұпайдан асырып ойнады. Шешуші сәтте қазақстандық клуб 29:27 есебімен жеңісті жұлып алды.
Келесі матчтар қашан өтеді?
Ауғанстанның "Кам Эйр" командасы турнирге келе алмағандықтан, ұйымдастырушылар бастапқы ойын кестесіне өзгеріс енгізді.
"Жетісудың" алдағы кездесулері Астана уақытымен көрсетілген:
- 17 қараша 15:30 "Мумбаи Метеорс" (Үндістан)
- 19 қараша 15:30 "Фулад Сирджан" (Иран)
- 20 қараша 18:00 "Бенгалуру Торпедос" (Үндістан)
Турнирдің жартылай финалдық кездесулері 21 қарашаға жоспарланған. Ал 22 қарашада чемпион анықталып, үшінші орын үшін матч өтеді.