Қазақстан чемпионы Үндістанда қарсыластарын тізе бүктірді
Волейболдан Қазақстан чемпионы "Жетісу" Үндістанда CAVA Men’s Volleyball League 2026 турнирінде қатарынан екінші жеңісіне жетіп, жартылай финалға жолдама алды.
"Мумбаи Метеорсқа" бірде-бір сет бермеді
Қазақстанның ұлттық волейбол федерациясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Марат Адрышев жаттықтыратын талдықорғандық команда топтық кезең аяқталмай жатып үздік төрттікке енді.
Бхубанешвар қаласында ұйымдастырылған жарыста "Жетісу" екінші кездесуін үндістандық "Мумбаи Метеорс" клубына қарсы өткізді. Қазақстандық волейболшылар үш партияда да басым түсіп, 3:0 (25:18, 25:19, 25:19) есебімен жеңіске жетті.
Бұған дейін "Жетісу" Үндістанның тағы бір өкілі – "Телугу Блэк Хокс" командасын ұтқан еді. Екі жеңіс Қазақстан чемпионына плей-оффқа мерзімінен бұрын шығуға мүмкіндік берді.
Келесі қарсыластар кім?
Бес клуб қатысып жатқан турнирде 18 қараша демалыс күні болады. Одан кейін талдықорғандықтар топтық кезеңдегі қалған екі кездесуін өткізеді:
19 қараша: "Жетісу" – "Фулад Сирджан" (Иран).
20 қараша: "Жетісу" – "Бенгалуру Торпедос" (Үндістан).
CAVA Men’s Volleyball League 2026 турнирінің жартылай финалдық ойындары 21 қарашаға белгіленген. Ал 22 қарашада чемпион анықталып, үшінші орын үшін матч өтеді.