ФИФА-ның бұл марапаты бейбітшілік пен бірлік жолындағы еңбегімен көзге түскен тұлғаларға беріледі. Ал алғашқы лауреат ретінде АҚШ президенті Дональд Трамптың есімі аталып жатыр.
Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) жаңа дәстүр бастамақ. Ұйым «FIFA Peace Award» — Бейбітшілік сыйлығын жыл сайын табыстау туралы шешім қабылдады.
Бұл туралы ұйымның президенті Джанни Инфантино ресми сайттағы баспасөз хабарламасында мәлімдеді:
«Дүниежүзінде қақтығыстар мен бөлінушілік артып келеді. Мұндай жағдайда бейбітшілік пен бірлікті насихаттайтын тұлғаларды атап өту — аса маңызды. Футбол — әлемді біріктіретін күш. Сондықтан ФИФА бұл сыйлық арқылы халықтар арасындағы татулық пен үмітті дәріптемек», — деді Инфантино.
Алғашқы ФИФА Бейбітшілік сыйлығын тапсыру рәсімі 5 желтоқсанда Вашингтонда, 2026 жылғы әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімі кезінде өтеді. Марапатты ФИФА президенті Инфантиноның өзі табыстамақ.
Саясаттанушылар мен спорт сарапшыларының пікірінше, сыйлықтың алғашқы иегері Дональд Трамп болуы мүмкін.
Инфантино мен Трамп жақсы қарым-қатынас екені жиі айтылады. ФИФА басшысы Трамптың президенттік кезеңінде Ақ үйге бірнеше рет барған, сондай-ақ екеуі ортақ халықаралық бастамаларда бірге бой көрсеткен. Мысалы, 2025 жылы Египеттегі Газа секторындағы атысты тоқтату саммитінде Инфантино Трамптың жанында болып, ФИФА тарапынан бейбітшілік процесін қолдауға дайын екенін мәлімдеген.
Трамп бірнеше рет Нобель бейбітшілік сыйлығына үміткер болған, бірақ ешқашан иеленбеді. Биыл бұл марапат венесуэлалық құқық қорғаушы Мария Карина Мачадоға бұйырды.