Шавкат Рахмоновтың жары 10 жылға сотталуы мүмкін

Сарапшы, спорт журналисі

Гүлайым Рахмоноваға қатысты қылмыстық іс сотқа өтті. Алдын ала тыңдау 16 ақпанда болады. 

Шавкат Рахмоновтың жары 10 жылға сотталуы мүмкін
NUR.KZ

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты жол-көлік оқиғасына байланысты айып тағылған Гүлайым Рахмоноваға қатысты қылмыстық істі өндіріске қабылдады. Алдын ала сот отырысы 2026 жылғы 16 ақпанға белгіленді.

Сот процесі қазақ тілінде өтеді

Соттың ресми хабарламасына сәйкес, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қаралады. Бұл бап жол қозғалысы ережесін бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу дерегіне қатысты.

"Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Рахмонова Гүлайым Сәрсенбекқызына қатысты қылмыстық істі өндіріске қабылдады. Іс бойынша алдын ала тыңдау 2026 жылғы 16 ақпанда сағат 15:00-де өтеді", – делінген сот хабарламасында.

Рахмоноваға қатысты бұлтартпау шарасы – елден кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы қолхат – өзгеріссіз қалдырылды. Сот отырысына айыпталушы мен жәбірленушілер шақырылады.

Фото: Sportburo.kz

Іс қалай өзгерді?

2025 жылдың шілдесінде болған жол апатынан кейін Гүлайым Рахмоновадан бастапқыда куәгер ретінде жауап алған. Тергеу барысында іс Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша қаралғаны хабарланды. Алайда 2026 жылғы 29 қаңтарда Жамбыл облысының прокуратурасы істің сотқа 345-баптың 4-бөлігі бойынша жолданғанын мәлімдеді.

Аталған баптың санкциясы:

  • 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру
  • 7 жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру

Прокуратура өкілдері түпкілікті шешімді сот барлық мән-жайды ескере отырып қабылдайтынын атап өтті.

Жол апаты туралы не белгілі?

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 27 шілдеде Алматы – Екатеринбург республикалық тас жолының 299-шақырымында болды. Полиция мәліметі бойынша, Toyota Land Cruiser 200 автокөлігінің жүргізушісі тізгінге ие бола алмай қалған. Апат салдарынан екі әйел қаза тапты. Гүлайым Рахмонова мен оның ұлы ауруханаға жеткізілді.

Кейін Жамбыл облысының полиция департаменті оқиға орнынан түсірілген видеоны жариялады. Кадрларда джиптың қатты зақымданғаны көрінеді.

Бұған дейін Шавкат Рахмоновтың UFC бойынша қандай шешім қабылдағаны белгілі болған еді. 

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір