Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов Румынияға ауысқаннан кейін ерекше жағдаймен назарға ілікті.
ProSport.ro басылымы футболшының автоматтан оқ атып жатқан видеосы әлеуметтік желіде таралғанын жазды.
Кадрларда Айымбетов камуфляж киімін киіп, Калашников автоматынан және тапаншадан оқ атып жатқаны көрінеді. Басылым видеоны "әуесқой әскери жаттығуларға" ұқсатқан. Әлеуметтік желі қолданушылары қазақстандық футболшының қарумен еркін жұмыс істейтініне назар аударып, түрлі пікір қалдырған.
Румыниялық БАҚ мұны Қазақстандағы ер азаматтар үшін 18 бен 27 жас аралығында 12 айлық әскери қызметтің міндетті болуымен байланыстырды.
Желі қолданушылары ұлттық құрама шабуылшысын "Манчестер Сити" қорғаушысы Йошко Гвардиолмен де салыстырған.
Соңғы уақытта мұндай әскери жаттығулар кей елдерде танымал бола бастаған. Мәселен, "Манчестер Сити" қорғаушысы Йошко Гвардиол өткен жазда әскери лагерьдегі арнайы жаттығуға қатысып, тіпті кепілге алынған адамдарды босату операциясының имитациясына қатысқаны айтылған.
30 жастағы Абат Айымбетов Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 45 матч өткізіп, 9 гол соққан. Ол бұған дейін Түркияның "Адана Демирспор" клубында ойнап, бір жарым маусымда 37 матчта 6 гол авторы атанды. Сондай-ақ "Қайрат", "Крылья Советов", "Астана" және "Ақтөбе" клубтарының намысын қорғаған.
Transfermarkt порталының мәліметінше, шабуылшының трансферлік құны — 400 мың еуро. Ол Қазақстанда үш рет чемпион атанып, ел Кубогын жеңіп алған.
Айымбетов Румыния чемпионатының жоғары дивизионында өнер көрсететін алғашқы қазақстандық футболшы болмақ. Алайда ол алаңға бірден шыға алмайды. Себебі футболшы Еуроодаққа кірмейтін елдің азаматы болғандықтан, жұмыс визасын рәсімдеу кемінде екі апта уақыт алады.
Еске салайық, Абат Айымбетов жуырда Плоештидің "Петролул" клубымен маусым соңына дейін келісімшартқа қол қойды. Құжатта келісімді ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.