Диогу Жота өліміне қатысты сот үкімі шықты

Сарапшы, спорт журналисі

Жоғарғы сот апатта қылмыстық құрам жоқ екенін растады.

Диогу Жота өліміне қатысты сот үкімі шықты
matchtv.ru

Испания соты "Ливерпуль" клубының шабуылшысы Диогу Жота мен оның інісі Андре Силваның өліміне қатысты қылмыстық істі ресми түрде тоқтатты.

Сот шешімі

Испанияның Кастилия және Леон өңірінің Жоғарғы соты апатта қылмыстық құрам жоқ екенін растады. Тергеу қорытындысы бойынша қайғылы жағдайға көлік дөңгелегінің кенет жарылуы себеп болған.

Айта кетейік, алғашқы инстанция соты бұл істі 2025 жылдың қараша айында-ақ жапқан. Алайда соңғы, түпкілікті шешім енді ғана жарияланды.

Қайғылы оқиға қалай болды?

Апат 2025 жылдың 3 шілдесінде Испанияның Самора провинциясында болды. Диогу Жота Lamborghini көлігін тізгіндеп келе жатқан. 

Анықталғандай, басқа көлікті озу кезінде Жота мінген автоның дөңгелегі жарылған. Жүргізуші көлік тізгінінен айырылып, кейін ол қоршауға соғылған. Артынша отқа оранған. Соның салдарынан 28 жастағы Жота мен оның 25 жастағы інісі оқиға орнында қаза тапты.

Жотаның мұрасы

Диогу Жота әлемдік футболдағы маңызды ойыншылардың бірі болды. Ол "Ливерпульмен" Англия Премьер-лигасын жеңіп алды. Португалия құрамасымен Ұлттар лигасының жеңімпазы атанды. Соңғы клубы сапында 182 матчта 65 гол соқты. 

Айта кетейік, ағайынды футболшылар туған қаласы Гондомарда жерленді. Қоштасу рәсіміне танымал бапкерлер мен әріптестері қатысты.