"Ман Сити" жұлдызының хоббиі Гвардиоланың үрейін қашырды (ВИДЕО)
Райан Шерки бокспен айналысатыны белгілі болды.
Англиялық "Манчестер Ситидің" жас жұлдызы Райан Шерки ерекше хоббиімен жұрт назарын аударды. Француз футболшысы бос уақытында бокспен айналысатыны белгілі болды.
Әлеуметтік желіде тараған видеоларда Шеркидің туған қаласы Лионда жаттықтырушы Файса Абукассимнің жетекшілігімен жаттығу жасап жүргені көрінеді. Онда футболшының жылдамдығы мен қол жұмысы жоғары деңгейде екені байқалады.
Бұл жағдай "Манчестер Сити" бас бапкері Пеп Гвардиоланың назарынан тыс қалмады:
"Ол бокспен айналысады! Бұл жайт мені таңқалдырды. Мұндайды күтпеген едім. Онымен енді дауласқым келмейді – әр матчта ойнайды. Шынымды айтсам, бұл өте қорқынышты!" – деді испаниялық маман.
Райан Шерки кім?
- Франция құрамасының ойыншысы
- "Манчестер Сити" клубының шабуылдаушы жартылай қорғаушысы
- 2003 жылы Лион маңында дүниеге келген
- "Олимпик Лион" академиясының түлегі.
2025 жылы ол "Манчестер Сити" клубына ауысып, 2030 жылға дейін келісімшартқа қол қойды. Трансфер құны 36 миллион еуродан асады.