Шавкат Рахмоновтың экс-жұбайы отбасында қуанышты жаңалық болғанын хабарлады

Жекпе-жек шолушысы

Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмоновтың бұрынғы жары Гүлайым Рахмонова отбасында сәби дүниеге келгенін мәлімдеді.

Шавкат Рахмоновтың экс-жұбайы отбасында қуанышты жаңалық болғанын хабарлады
instagram/@kerey_khan03

Instagram-да сторис жариялады

Гүлайым Рахмонова бұл жаңалықты өзінің Instagram парақшасындағы сторис арқылы жеткізген. Ол босанғаннан кейінгі сәттен жазба жариялағанымен, әзірге қосымша мәлімет бермеді.

Қазіргі уақытта нәрестенің жынысы, есімі және басқа да деректер ашық айтылған жоқ.

Жол апатына қатысты істің қатысушысы болған

Еске салайық, 2025 жылдың жазында Жамбыл облысында болған қайғылы жол апатына қатысты ақпарат тараған еді. Әлеуметтік желідегі мәліметтерге сәйкес, көлікті Шавкат Рахмоновтың сол кездегі жұбайы  басқарған. Гүлайым ұлы және жақындарымен бірге Қарағандыдан Алматыға бағыт алған. Алматы — Екатеринбург тасжолының 296-шақырымында Toyota Land Cruiser көлігі аударылып қалған.

Жол апаты салдарынан бір әйел оқиға орнында қаза тапты, тағы бір адам ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Гүлайым Рахмонова мен оның ұлы ауруханаға жеткізілген.

Іс сотқа дейін жетті

Кейін полиция адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы туралы ақпаратты растады. 2026 жылдың қаңтар айының соңында істің сотқа жолданғаны белгілі болды.

Сот барысында айыптау тарапы жүргізушінің ұзақ уақыт жолда болып, қатты шаршағанын, алайда рөлді басқа адамға бермегенін мәлімдеген. Тергеу дерегінше, көлік басқарудан шығып, қоршауға соғылғаннан кейін қарсы бағытқа шығып, аударылған.

Гүлайым Рахмонова сотта өз кінәсін мойындамаған. Ол жақындарынан айырылғанын айтып, соттан жағдайды түсіністікпен қарауды сұраған. Сонымен қатар қаза тапқандардың бірінің отбасы оны кешіргені айтылды.

Сот қандай үкім шығарды?

Сот қорытындысы бойынша Рахмонова кінәлі деп танылып, оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Дегенмен жаза 5 жылға кейінге шегерілді.

Осы оқиғалардан кейін Гүлайым Рахмонова Шавкат Рахмоновпен ажырасқанын жариялаған еді.