Шавкат Рахмонов басқа спорт түрін таңдады (ВИДЕО)

Футбол шолушысы

Қазақстандық UFC файтері әлеуметтік желіде ерекше видеосымен көзге түсті. 

Шавкат Рахмонов басқа спорт түрін таңдады (ВИДЕО)
Instagram/@shavkatrakhmonov94

Жеңіліс дәмін татпаған аралас жекпе-жек шебері жарыстардан тыс уақытта бабын сақтап, қалпына келу жаттығуларын жалғастырып жүр. Желіде тараған видеода спортшының қолына ескек алып, тақтай үстінде жүзіп жүргені байқалады.

Рахмонов Ертіс бойында жаттығып жүр

Кадрлардан Шавкат Рахмоновтың Павлодар маңындағы Ертіс өзенінің жайылмасында жалғыз өзі сапбордпен жүзіп жүргенін көруге болады.

Әрине, бұл көрініс қазақстандық файтердің спорт түрін түбегейлі ауыстырғанын білдірмейді. Керісінше мұндай жаттығулар спортшының жалпы физикалық дайындығын арттыруға, тепе-теңдік пен төзімділікті дамытуға көмектесуі мүмкін.

UFC-дегі ұзақ үзіліс

Шавкат Рахмонов соңғы рет октагонға 2024 жылдың желтоқсанында шықты. Сол кездесуде ирландиялық Иэн Гэрриді жеңіп, қарсыласына кәсіби мансабындағы алғашқы жеңілісті тіркеді.

Алайда кейін алған жарақатына байланысты "Номад" біраз уақытқа жарыстардан шет қалды. Соған қарамастан Рахмонов UFC-дегі жеңіліссіз сериясын сақтап келеді және ұйымдағы ең қауіпті жартылай орта салмақ өкілдерінің бірі саналады.

Қазіргі мәліметтерге сүйенсек, Шавкат Рахмоновтың көптен күткен камбэгі осы жылдың соңында немесе келесі жылдың басында өтуі мүмкін.