Елена Рыбакина корттан тыс ерекше образымен көзге түсті (ФОТО)

Жекпе-жек шолушысы

Қазақстанның бірінші ракеткасы әлеуметтік желіде жаңа суреттерін жариялап, жанкүйерлерінің назарын аударды.

Елена Рыбакина корттан тыс ерекше образымен көзге түсті (ФОТО)
instagram/@lenarybakina

Корттан тыс стиль

Әлемдік рейтингте жоғары орындардың бірін иеленіп жүрген қазақстандық теннисші Instagram парақшасында күнделікті өмірдегі образын көрсетті. Суреттерде Рыбакина көшеде бой түзеп, толық бойымен түскен.

Спортшы қара түсті, денеге қонымды қысқа жеңді жейде мен жинақы джинсы таңдаған. Smart casual стиліндегі бұл образ қарапайым көрінгенімен, талғамды әрі әсем әсер қалдырады. Сонымен қатар киім үлгісі қазақстандық теннисшінің сымбатты келбетін айқындай түскен.

“Жұмыстан тыс”, — деп жазды Рыбакина жарияланымына.

Келесі турнирі — “Ролан Гаррос”

Енді Елена Рыбакинаны маусымдағы маңызды жарыстардың бірі — Франция ашық чемпионаты күтіп тұр. Қазір Парижде “Ролан Гаррос” турнирінің іріктеу кезеңі басталып кетті. 

Қазақстандық теннисшінің бұл додадағы ең үздік нәтижесі — ширек финал. Париждегі корттарда 2021 және 2024 жылдары 1/4 финалға дейін жеткен.

“Ролан Гаррос” Рыбакина үшін өз мүмкіндігін тағы бір дәлелдейтін үлкен турнир болмақ. Себебі қазақстандық теннисші бұған дейін шөп төсеніш пен хард корттарда жоғары деңгей көрсете алатынын бірнеше рет дәлелдеді.