"Сәтпаев емес, Сәтбай болсын": белгілі әнші Дастанға тосын ұсыныс жасады
Қазақстандық танымал әнші Әбдіжаппар Әлқожа футболдан Қазақстан құрамасы мен лондондық "Челсидың" шабуылшысы Дастан Сәтпаевқа тегін қазақша үлгіде өзгертуді ұсынды.
Әбдіжаппар Әлқожаның ұсынысы
Әншінің сөзінше, Дастан Сәтпаев Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген жас спортшылардың біріне айналды. Осыған байланысты ол футболшының тегін шетелдік жанкүйерлер мен комментаторларға қазақы нұсқада таныстыруды ұсынған.
"Қайырлы таң, баршаңызға ассалаумағалейкүм! Таңертеңнен бері бір ойымды сіздермен бөліскім келіп отыр.
Ел мақтанышына айналған Сәтпаев “Челсиге” ауысып, алғашқы голын соқты. Қазір әлемдік ақпарат құралдары мен комментаторлар оның тегін “Сатпаев” деп атап жүр. Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 35 жыл болды. Сондықтан оны Дастан Сәтбай деп атауға неге болмасқа?
Жанкүйерлер ретінде Дастанға: “Тегіңді Сәтбай деп өзгерт” деген ұсыныс айтайық. Құжатта Дастан Сәтпаев болып қала берсін. Бірақ футбол жейдесінде, стадион таблосында және Instagram парақшасында “Сәтбай” деп жазылса, қазақы болмысымызды көрсететін еді.
Аты да, тегі де қазақша естілсе, өте жарасымды болады. Қаныш Сәтбаевтың есімі халқымыз үшін қаншалықты биік болса, егемен Қазақстанда Дастан Сәтбай да елді соңынан ерте алатын спортшы болсын. Сондықтан оны Дастан Сәтбай деп танып, қолдау білдірейік", – деді Әбдіжаппар Әлқожа.
Дастан Сәтпаевтың жетістіктері
Дастан Сәтпаев лондондық "Челсиге" 4,3 миллион еуроға ауысып, Қазақстан футболы тарихындағы ең қымбат ойыншы атанды.
17 жасында Бельгия құрамасына қарсы кездесуде гол соғып, Қазақстан құрамасы сапында гол салған ең жас футболшы ретінде тарихқа енді.
Сонымен қатар қазақстандық шабуылшы УЕФА Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас ойыншылардың қатарынан көрінді. Бұл көрсеткіш бойынша Ансу Фати мен Ламин Ямальдан кейінгі үздік үштіктен орын алды.