Тоқаевқа Мюнхенде "Бавария" жейдесі сыйға тартылды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Германияға ресми сапары кезінде "Бавария" футбол клубының жейдесі табысталды.
Мюнхендегі кездесу футболға қатысты сыйлықпен басталды
Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхенде Бавария премьер-министрі Маркус Зёдермен кездесті. Ulysmedia мәліметінше, кездесу басында Зёдер Мемлекет басшысына мюнхендік клубтың жейдесін сыйға тартқан.
Жейдені табыстау сәті бейнежазбаға түсіп қалған.
"Баварияның" қандай жетістіктері бар?
Мюнхенның "Бавариясы" – Германия футболы тарихындағы ең көп титул жеңіп алған клуб. Команда ел чемпионатында 35 рет топ жарып, Германия кубогын 21 рет иеленген. Сонымен қатар клубтың қоржынында 13 Германия суперкубогы мен алты Лига кубогы бар.
Халықаралық аренада "Бавария" Еуропаның басты клубтық турнирін алты рет жеңген: үш рет Еуропа чемпиондары кубогын, үш рет УЕФА Чемпиондар лигасының трофейін алған.
Бұдан бөлек, мюнхендік ұжым УЕФА кубогы мен Кубок иегерлері кубогында бір-бір рет жеңіске жеткен. УЕФА суперкубогын, Құрлықаралық кубокты және FIFA клубтар арасындағы әлем чемпионатын екі реттен ұтқан.