Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

Төрехан Сабырхан: "Үйленуге уақыт жоқ"

Азия ойындарының чемпионы қазір бар назарын спортқа аударып жүргенін жеткізді.

Төрехан Сабырхан: "Үйленуге уақыт жоқ"
Instagram/@boxingkazakhstan

Жеке өмірі туралы не айтты?

TikTok желісіндегі тікелей эфирде жанкүйерлердің бірі боксшыдан сүйіктісі бар-жоғын сұраған. Төрехан қазір ешкіммен кездеспейтінін және уақытын жаттығу мен жарыстарға арнап жүргенін айтқан. Бұл туралы Tizgin.kz жазады. 

"Қызым жоқ. Ешкіммен жүрмеймін. Тіпті үйленуге де уақыт жоқ", — деді Сабырхан.

Осылайша боксшы әзірге жеке өмірінен гөрі бокстағы мақсаттарына басымдық беретінін жеткізді.

Азииада финалына ерекше мақсатпен шыққан

Төрехан Сабырхан Азия ойындарындағы шешуші жекпе-жегі туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, финалда чемпион атанумен қатар қарсыласынан есе қайтаруды көздеген.

"Финалда алтын алу үшін емес, тек есе қайтару үшін барымды салдым", — деді боксшы.

Ол Жапониядағы Азия ойындарының финалында  иорданиялық Зейяд Ишашты 5:0 есебімен жеңді. Осы нәтижемен 70 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иеленді.

Алдымен Олимпиада, кейін кәсіпқой бокс

Сабырхан алдағы уақытта кәсіпқой боксқа ауысқысы келетінін айтты. Бірақ оған дейін Олимпиада чемпионы атануды мақсат етіп отыр.

"Азия ойындарының алтынын алдық. Енді Олимпиада чемпионы болғым келеді. Одан кейін бір күні мені Америкада бокстасып жүргенімді көресіздер", — деді Төрехан.

Боксшының ендігі көздегені — 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасы. Кәсіпқой рингке шығу мүмкіндігін осы жарыстан кейін қарастырмақ.

Төрехан Сабырханның спорттағы жолы

Төрехан Сабырхан 2006 жылы 13 ақпанда Маятас ауылында дүниеге келген. Бұрын Түркістан облысына қараған елді мекен қазір Шымкент аумағына кіреді. Боксшы жарыстарда Түркістан облысының намысын қорғайды.

Ол сегіз жасынан боксқа қатыса бастаған. Алғашқы әрі қазіргі бапкері — Ілияс Оралбеков. Туған ағасы, әлем чемпионы Махмұд Сабырханмен бірге алғашқы жаттығуларын ауыл мектебінің тарих кабинетінде өткізген.

Төреханның негізгі жетістіктері:

  • Жасөспірімдер мен жастар арасында Азияның төрт дүркін чемпионы;
  • 2024 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы;
  • 2025 жылғы World Boxing әлем чемпионатында 70 келі салмақта алтын медаль иегері;
  • 2026 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері;
  • 2026 жылғы Азия ойындарының чемпионы.
Бұл туралы не ойлайсыз?