Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 9-орын) Нинбо қаласындағы WTA 500 турнирінің ширек финалында қарсыласын ірі есеппен жеңіп, жартылай финалға шықты.
Бұл кезеңде Рыбакина Австралия өкілі Айла Томляновичпен (WTA – 104-орын) кездесті. Қазақстандық теннисші қарсыласына еш мүмкіндік бермей, екі сетте де айқын басымдық танытты — 6:2, 6:0.
Кездесу бар болғаны 58 минутта аяқталды. Екінші сеттегі қарсыласқа бір гейм де бермеу — Рыбакинаның сенімді ойынының дәлелі болды.
Осылайша Елена Рыбакина жартылай финалға жолдама алды. Енді ол рейтингте 8-орында тұрған италиялық Жасмин Паолинимен кездеседі. Бұл жұп турнирдің ең қызықты матчтарының бірі болмақ.
Нинбо турнирінің жалпы жүлде қоры — 1 064 510 АҚШ доллары. Әйелдер арасындағы жекелей сында жеңімпаз атанған спортшы 164 мың доллар және 500 рейтингтік ұпай иеленеді.
Айта кетейік, Рыбакина жарысты украиналық Даяна Ястремскаяны (30-орын) 6:4, 6:7, 6:3 есебімен жеңуден бастаған болатын.