Қазақстандық теннисші WTA 1000 турнирінде жеңіске жетіп, карьералық серпіліс жасады
Қазақстанның жұптық сындағы көшбасшысы Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге Дохада өткен WTA 1000 санатындағы турнирдің чемпионы атанды.
Финалдағы драма: 0:6-дан кейінгі камбэк
Финалда дуэт керемет камбэк жасап, тайваньдық Се Шувэй мен латвиялық Елена Остапенконы тізе бүктірді.
Данилина/Крунич алғашқы сетте 0:6 есебімен ойсырай ұтылғанымен кейінгі екі бөлікте мінез көрсетіп, жеңісті жұлып алды
Анна Данилина / Александра Крунич — Се Шувэй / Елена Остапенко 0:6, 7:6, 10:8
Бұл нәтиже жұптық теннистегі ең қиын сценарийлердің бірі — "құрғақ" сеттен кейін қайта тұрып жеңудің нақты үлгісі болды.
Рейтингке әсері: ТОП-тағы орнын күшейтті
Бұл титул Данилинаның жұптық рейтингтегі позициясын нығайта түсетіні анық. Қазір ол WTA-ның ресми тізімінде жұптық сында 10-орында тұр.
Турнирдегі чемпиондық ұпайлар есептелгеннен кейін алдағы ресми жаңартуда жоғары көтерілуіне мүмкіндік бар.
Дохадағы WTA 1000 турнирінің жалпы жүлде қоры 4 088 211 доллар болды.
Ал жұптық сындағы чемпион атанған қос теннисшінің әрқайсысы 195 000 доллардан сыйақы алды.