Елена Рыбакина Майамидегі турнирде керемет камбэк жасады
Қазақстанның үздік теннисшісі, әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA 1000 санатындағы Miami Open турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Жігерлі камбэк жасады
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің бесінші ракеткасы, америкалық Джессика Пегуламен кездесті. Кездесу барысында Рыбакина алғашқы сетте есе жібергенімен кейін ойын тізгінін өз қолына алып, қарсыласын 2:6, 6:3, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Осы матчқа дейін қос теннисші өзара сегіз рет кездескен. Оның бесеуінде Елена жеңіске жетті. Майамидегі бұл жеңіс Рыбакинаның Пегуламен жеке кездесулердегі басымдығын одан әрі нығайтты.
Жартылай финалда кіммен ойнайды?
Енді Елена Рыбакина финал жолдамасы үшін Арина Соболенко (Беларусь) мен Хейли Баптист (АҚШ) арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.
Miami Open турнирінің жалпы жүлде қоры 18 831 450 доллар. Ал жекелей сындағы чемпиондар 1 151 380 доллар көлемінде сыйақы алады.
Айта кетейік, турнирдің қазіргі чемпионы — әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко.