"Үлкен дулыға" турнирлеріндегі бойкоттың себебі белгілі болды
Әлемнің үздік ракеткасы Янник Синнер бойкот жариялау туралы әңгіме қайдан шыққанын айтып берді. Оның сөзінше, теннисшілерді тек сыйақы көлемі емес, ойыншыларға деген қарым-қатынас та алаңдатып отыр.
Римдегі "Masters" турнирінің алдындағы баспасөз мәслихатында Синнер 2025 жылдың сәуірінде үздік ойыншылар ұйымдастырушыларға сыйақыны әділ бөлу туралы хат жолдағанын еске салды. Алайда айтуынша бір жыл өтсе де, тараптар нақты келісімге келе алмаған.
Теннисшілердің талабы қандай?
Ойыншылар бірнеше маңызды мәселені көтерген. Олардың қатарында жүлде қорының үлесін арттыру, зейнетақы жүйесін енгізу, медициналық қолдау көрсету сынды талаптар болған. Синнердің пікірінше, қазіргі жағдайда спортшылар өз еңбегінің толық бағаланбай отырғанын сезінеді.
“Менің білуімше, топ теннисшілер хат жазды. Егер басқа спорт түрлеріне қарасақ топ-спортшылар маңызды хат жібергенде, 48 сағат ішінде олар тек жауап алып қана қоймай, жағдайды талқылау үшін бірден кездесу мүмкіндігіне ие болатынына сенімдімін. Әңгіме тек ақшада емес. Бастысы құрмет мәселесі, біз оны тіпті сезінбейміз. Менің ойымша, спортшылардың “Ролан Гарростың” нәтижелерінен біршама көңілі қалды, енді не болатынын көрейік. Жақында біз Уимблдондағы жүлде қоры қандай болатынын білеміз, жағдай жақсарады деп үміттенеміз. Содан кейін бізді US Open күтеді. Сондықтан мен бойкот туралы айтатын ойыншыларды жақсы түсінемін, бір нәрседен бастау керек. Бұл мәселе көптен бері айтылып келеді, - деді теннисші баспасөз мәслихатында.
Синнер бойкот туралы әзірге нақты шешім қабылданбағанын айтып, ойыншылар арасында наразылықтың күшейіп келе жатқанын жасырмады.
“Ролан Гарросқа” қатысты наразылық күшейді
Бұған дейін әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко “Үлкен дулыға” турнирлерінің ұйымдастырушылары ойыншылар талабына құлақ аспаса, бойкот болуы мүмкін екенін айтқан еді. Кейін бұл пікірді Елена Рыбакина, Новак Джокович және басқа да теннисшілер қолдады. 2026 жылғы “Ролан Гаррос” жүлде қоры 9,5%-ға өсіп, 61,7 миллион еуроға жеткен. Алайда теннисшілердің айтуынша ұйымдастырушылар жалпы табыстың 15%-дан аз бөлігін ғана спортшыларға беріп отыр және бұл сыйақы жеткіліксіз.