Александр Бублик Римдегі турнирді сенімді жеңіспен бастады

Жекпе-жек шолушысы

Қазақстанның үздік теннисшісі, әлемдік рейтингте 11-орында тұрған Александр Бублик Италия астанасында ATP Masters 1000 санатындағы беделді турнирді сәтті бастады.

Александр Бублик Римдегі турнирді сенімді жеңіспен бастады
www1.wdr.de

Екінші айналымда турнирдің тоғызыншы ракеткасы ретінде сынға түскен қазақстандық теннисші аргентиналық Себастьян Баэспен кездесті. Баэс ATP рейтингінде 65-орында тұр.

Матч толықтай Бубликтің басымдығымен өтті. Ол қарсыласына айтарлықтай мүмкіндік бермей, екі сетте де сенімді ойын көрсетті. Кездесу небәрі бір сағатқа созылып, 6:1, 6:2 есебіндегі айқын жеңіспен аяқталды.

Осы нәтижеден кейін Александр Бублик Римдегі ATP Masters 1000 турнирінің үшінші айналымына жолдама алды. Енді қазақстандық теннисші америкалық Лернер Тиенге қарсы кортқа шығады. Ол ATP рейтингінде 21-орында орналасқан.

Айта кетейік, Римдегі турнир 5 мамырда басталды. Жарыстың жалпы жүлде қоры — 8 235 540 еуро. Турнирдің қазіргі чемпионы — испаниялық Карлос Алькарас. Бірақ ол биылғы додаға жарақатына байланысты қатыспайды.