Қазақстандық теннисші Римде үш сетке созылған матчта жеңіске жетті

Футбол шолушысы

Александр Шевченко Италия астанасы Римде өтіп жатқан ATP 1000 санатындағы турнирді жеңіспен бастады.

Қазақстандық теннисші Римде үш сетке созылған матчта жеңіске жетті
фото ашық дереккөзден алынды

Үш сетке созылған матч

Бірінші айналымда әлемдік рейтингте 85-орында тұрған Шевченко аргентиналық Камило Уго Карабеллимен кездесті. Оның қарсыласы ATP рейтингінде 61-сатыда орналасқан.

Кездесу өте тартысты өтті. Теннисшілер кортта 2 сағат 50 минут өнер көрсетті.

Александр Шевченко алғашқы сетте сенімді ойнап, 6:3 есебімен алға шықты. Екінші партияда аргентиналық теннисші қарымта қайтарып, 6:4 есебімен таразы басын теңестірді.

Шешуші үшінші сет тай-брейкке дейін жетіп, Шевченко маңызды сәтте сабырлық сақтай білді. Нәтижесінде матчты 6:3, 4:6, 7:6 есебімен аяқтады.

Келесі қарсыласы — Карен Хачанов

Осы жеңістен кейін Александр Шевченко Римдегі турнирдің екінші айналымына жолдама алды.

Келесі кезеңде қазақстандық теннисші ресейлік Карен Хачановпен кездеседі. Хачанов қазіргі уақытта әлемдік рейтингте 15-орында тұр.

Римдегі ATP 1000 турнирі 5 мамырда басталды. Жарыстың жалпы жүлде қоры 8 235 540 еуроға тең. 

Айта кетейік, турнирдің қазіргі чемпионы — испаниялық Карлос Алькарас. Бірақ ол биылғы жарысқа жарақатына байланысты қатыспайды.